Көлік министрлігі автобус пен жүк көліктерінің жүргізушілерін жаппай тексеріп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Көлік министрлігі автобус пен жүк көліктерінің жүргізушілерін жаппай тексеріп жатыр
Көлік министрлігі автобус пен жүк көліктерінің жүргізушілерін жаппай тексеріп жатыр/Фото: Freepik

Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бастамасымен жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің сақталуын бақылау бойынша ауқымды «Тахограф» акциясын өткізіп жатыр.

Акция тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілер қаншалықты еңбек және демалыс режимін сақтайтынын бақылауды күшейтуді көздейді.

Тахографтар төмендегідей көлік құралдарына орнатылады:

  • жүк көліктеріне;
  • халықаралық бағытқа жолаушы, багаж және жүк тасымалымен айналысатын автобустарға;
  • ауданаралық, облысаралық, қалааралық бағаттарға тұрақты түрде жолаушы мен багаж таситын автомобильдерге;
  • тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын көліктерге.

Министрлік қолданыстағы қағидаға сәйкес, көлікті басқарудың күнделікті ұзақтығы 9 сағаттан аспау керек екенін атап өтті. Төрт жарым сағат бойы үздіксіз басқарғаннан кейін, жүргізуші кемінде 45 минут үзіліс жасауға тиіс.

Ведомство қағида талаптары сақталмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 572-бабымен тасымалдаушыларға 5 АЕК-тен 50 АЕК аралығында, жүргізушілерге 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл көзделгенін ескертеді.

Тексеріс 20 шілдеге дейін жалғаспақ.

Бұған дейін, полицейлер Алматыда мас күйде балаларды лагерьге тасыған автобус жүргізуші ұсталғанын хабарлаған.

Ал 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған.

Сондай-ақ оқыңыз