Тоқаев азаматтардың жеке деректерін сенімді жерде сақтауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев елде алаяқтық жағдайлардың жиілеп кетуіне байланысты азаматтардың жеке мәліметтерін сенімді жерде сақтауды тапсырды. Бұл туралы президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.
Шетелден әрекет ететін қылмыстық топтар
Президент интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталып өтті. Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алып кеткенін, көбіне мұндай істерді тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар ұйымдастыратынын айтты.
Президенттің айтуынша, қылмыскерлер шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу жүргізіп, қылмысты ашу қиынға соғады.
«Бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор. Өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады. Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз. Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды», – деді президент.
Алданатындар көбінде жастар
Президент мұндай алаяқтардың әрекетінің арқасында бір жарым жыл ішінде 50 мыңнан астам адамның алданғанын, олардың қылмыскерлердің айласына сеніп, банк есепшоттарын беріп қойып, зардап шеккенін айтты.
«Өкінішке қарай олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн», – деді Тоқаев.
Сим-карталарды сату тәртібін реттеу
Бұл қылмыстардың бір ұшы бақылаусыз сим-карталарға келіп тірелетінін, алаяқтық әрекеттер негізінде биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеуге қатысты 100 мыңға жуық факті тіркелгенін атап өтті.
«Нөмірлер түрлі қылмыстық мақсатта пайдаланылады. Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын», – деді президент.
Жеке деректердің таралу жағдайы
Еске сала кетсек, жақында ғана 16,3 млн азаматтың жеке деректерінің таралып кеткені хабарланды. Бұл деректерді алаяқтар түрлі қылмыстық мақсаттарда пайдалана алатыны айтылды.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев таралып кеткен деректердің ескі екенін, мемлекеттік ақпарат жүйелерінен деректердің ұрланбағанын айтты.