ҰБТ қалай өтіп жатыр?

ҰБТ қалай өтіп жатқаны жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігі ақпарат жариялады. Аралық қорытындыда қызық жайттар көп.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, ҰБТ 2025 жылғы 16 мамырда басталған. Содан бері 268 мыңға жуық тестілеу өткізілген.
Қандай тіл таңдалды?
Түлектердің 74%-ы – қазақ тілін, 26%-ы – орыс тілін таңдаған. Ал 221 талапкер ағылшын тілінде тапсыруды ұйғарыпты.
Бес апта қорытындысына қарағанда, олардың 70%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 66 болып отыр. Түркістан облысының тумасы Жәнібек Әбілхан 140 балл жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті.
210 талапкер тестілеуден шеттетілді
Төрт апта ішінде ҰБТ қалай өткені туралы мынадай деректер кездеседі. Осы уақытта 423 ереже бұзушылық анықталып отыр. 210 талапкер тестілеуден шеттетілген. Олар смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болыпты.
Бұдан бөлек, тағы 212 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Нәтижелері жойылды. Ал 1 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеруден соң жойылған. Басқа адамдардың орнына кіру дерегі анықталмаған.
Қандай пәндер таңдалды?
«Қазіргі таңда тестке қатысушылардың 18%-ы «Математика-Физика», 15%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған», – делінген хабарламада.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 649 талапкер де бақ сынаған.
Апелляцияға беру құқығы
Министрлік ақпаратынша, талапкерлердің апелляцияға беру құқығы бар. Тест тапсырмаларының мазмұнына көңілі толмағандар мұны пайдалана алады. Тек қана тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде үлгеру қажет.
«Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады», – делінген министрліктің ақпаратында.
ҰБТ нәтижелері қандай жағдайда жойылады?
ҰБТ аяқталғаннан кейін жыл соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу дерегі анықталса, ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түсті.
Мұның алдынжа министрдің ҰБТ-да 140 балл жинаған түлекке сыйлық бергені туралы хабарлаған едік.