Израиль мен Иран арасындағы уақытша тыныштық: биткоин бағасы 105 мың доллардан асты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Криптовалюта нарығында биткоин саудасы қайта жанданып, таңғы сауда сессиясында 105 407 доллар бағасына жетті. Алдыңғы күнмен салыстырғанда +3 513 доллар немесе +3,45% өсім байқатқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл серпіліске геосаяси жағдайдың уақытша тұрақтануы мен инвесторлар сенімінің артуы себеп болған.

Таяу Шығыстағы шиеленіс ушыққан кезде құнын жоғалтқан криповалюта өткен тәулік ішінде 104 719 – 105 476 доллар аралығында саудаланды. Бұл деңгей нарықтың белсенділігін көрсетіп отыр. Ең бастысы – криптовалюта 52 апта ішіндегі ең жоғары көрсеткішке, яғни 111 953 долларға тағы да жақындай түсті. Бұл биткоин үшін биылғы жылы байқалған ең мықты серпіндердің бірі.

Нарыққа не әсер етті?

Басты себептердің бірі – Израиль мен Иран арасындағы атысты уақытша тоқтату туралы хабар. Трамп Израиль мен Иран арасындағы атыс тоқтайтынын мәлімдеді.

Бұл жаңалық әлемдік қаржы нарығына қысымды азайтып, инвесторлардың тәуекел активтеріне қайта бет бұруына жол ашты. Соның ішінде криптовалютаға деген қызығушылық айтарлықтай артты.

Көптеген ірі инвестициялық қорлар биткоинге қайта инвестиция құйып жатыр. Сарапшылар бұл тенденция жалғаса берсе, алдағы күндері биткоин 106 мың доллардан асып, 109–110 мың диапазонына көтерілуі мүмкін екенін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз