Павлодарда балабақша тәрбиешісі бүлдіршіндерді ұрып-соққан

Павлодарда балабақша тәрбиешісінің бүлдіршіндерді ұрған сәті камераға түсіп қалған. Ата-аналар бұл жағдай №116 балабақшада болғанын хабарлаған.
Жергілікті полицияның хабарлауынша, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.
Павлодар қаласы білім беру бөлімі оқиғаның Павлодар қаласындағы №116 бөбекжай-балабақшасының кіші тобында болғанын растады.
«Балаларға тәрбиешінің қол көтергені бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы расталды. Білім беру бөлімі қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр, оның қорытындысы бойынша балабақша басшылығы мен тәрбиешінің әрекеттеріне қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес ең қатаң шаралар қолданылады», – деп хабарлады бөлім мамандары.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі «Ай көркем» жекеменшік балабақшада балаларды кезекпен ұрған балабақша қызметкері жазаға тартылды.