Қытай компаниясы «Жылыой» кен орнына инвестиция салады

Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және Қытайдың ірі мұнай-газ корпорациясы CNOOC («China National Offshore Oil Corporation») «Жылыой» учаскесінде мұнай іздеу туралы келісімге қол қойды. Бұл кен орны Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағында орналасқан.
«ҚазМұнайгаз» компаниясының хабарлауынша, бұл CNOOC-тың Қазақстанға салған алғашқы инвестициясы.
Келісімге Қазақстан тарапынан Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, ҚМГ басшысының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев және CNOOC атынан вице-президент Лю Юнцзе қол қойды. Жобаның географиялық орналасуы — Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы транзиттік аймақ.
Бұл келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін білдіреді. Ең бастысы — барлау кезеңін толықтай CNOOC қаржыландырады, ал жобаны екі тарап 50/50 үлеспен бірлесіп жүзеге асырады.
«Жылыой» жобасы аясында:
- 3D сейсмикалық барлау – 400 шаршы км аумақта дала жұмысы, деректерді өңдеу және талдау
- 2D тарихи деректерді қайта өңдеу – 400 км
- Тұзүсті ұңғыма бұрғылау – 2000 м тереңдікте (тәуелсіз кезең)
- Тұзасты ұңғыма бұрғылау – 4500 м тереңдікте жүргізіледі.
«Жылыой» жобасынан бөлек, Энергетика министрлігі 24 маусым күні тағы екі күрделі учаске – «Аққұдық» пен «Северный-2» бойынша барлау және өндіру туралы келісімшарттарға қол қойды. Бұл келісімдерге «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» ұлттық компаниялары да қатысады.
Үш учаскені барлауға бағытталған жоспарлы инвестиция көлемі 23,7 млрд теңгені құрайды.
Бұған дейіән «ҚазМұнайГаз» бен SINOPEC бірігіп, Батыс Қазақстанда барлау жұмысын бастайтынын хабарлаған.