Жеңіл өнеркәсіп саласында 9 инвестициялық жоба іске қосылады

2025 жылы жеңіл өнеркәсіп саласында 9 жаңа инвестициялық жоба іске қосылып, 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Мемлекет кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетпек: өндірістік жабдық сатып алуға кеткен шығынның 40%-на дейін өтеуге мүмкіндік бар. Бұл жылына 60 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы алуға жол ашады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда жеңіл өнеркәсіп саласы тұрақты дамып келеді. Осы уақыт ішінде 40-тан астам жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл – отандық өндірістің ауқымы кеңейіп, халықты жұмыспен қамтуға нақты үлес қосып отырғанының көрінісі.ай?
Қазіргі кезде елімізде 1400-ден астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың жартысынан астамы тігін өнімдерін шығарумен айналысады. Нақтырақ айтсақ:
- 803 кәсіпорын — тігін өндірісімен,
- 481 кәсіпорын — тоқыма өнімдерін өндірумен,
- 122 кәсіпорын — тері және оған ілеспе бұйымдар жасаумен айналысады.
2024 жылдың мамырынан бастап кәсіпкерлер жабдық сатып алуға кеткен шығындарының 40%-на дейін өтемақы ала алады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге жылына небәрі 3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ұсынылып отыр.
Жеңіл өнеркәсіп 9 арнайы экономикалық аймақтың басым салаларының қатарына енді. Бұл кәсіпкерлер үшін қосымша салықтық және инфрақұрылымдық жеңілдіктерді білдіреді.
Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, жалпы өндіріс көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптегі тауар экспортының үлесі соңғы үш жылда күрт артқан. 2022 жылы – 24 % болса, 2023 жылы бірден 40 %-ға көбейген. Ал 2024 жылғы бес айда 43 %-ды көрсетіп отыр.