Алматылық студент сотта ғылым министрлігінен жеңіліп қалды

Жоғарғы сот алматылық түлек Медина Майсардың Ғылым және жоғары білім министрлігіне қатысты талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлайды KursivMedia.
Сот алқасы бұған дейін шыққан Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімін күшінде қалдырды. Осылайша Медина Майсардың кассациялық арызы қабылданбады.
Еске сала кетейік, 2024 жылы мемлекеттік грант бөлу кезіндегі дау шықты. Сол кезде мектеп түлегі Медина Майсар ҰБТ-дан 119 балл жинағанына қарамастан мемлекеттік грант ала алмағанын айтып видео жариялаған.
Содан кейін сот «даулы бұйрық талапкердің қандай да бір құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды» деп шешкен.
Адвокат Халида Әжіғұлованың айтуынша, министрліктің 2 тамыздағы №388 бұйрығында төтенше жағдай болған өңірлердегі түлектерге бөлінген 20% грант квота деп көрсетілген. Алайда білім туралы заңда квотаның 10 түрі ғана белгіленген, оның ішінде «төтенше жағдай» деген бөлік жоқ.
– Ғылым және жоғары білім министрлігінің «төтенше жағдай» санаты бойынша квота бөлу құқығы жоқ. Себебі қолданыстағы заңда мұндай квота қарастырылмаған. (…) Сараптай келе, қолданыстағы қай нормативтік құқықтық акт негізінде төтенше жағдай болған өңірлердегі түлектерге 20% квота бөлінгенін таба алмадық. (…) Министрліктің бұған дейін бекітілген квота бойынша грант бөлу өкілеті бар, алайда квотаның жаңа санатын құру құқығы жоқ. Мұны тек парламент бекіте алады, – деді Әжіғұлова бірінші инстанциядағы сотта.
2025 жылдың 19 маусымдағы сот отырысында адвокат министрлік қаулысына бұған дейінгі соттарда ешқандай құқықтық баға берілмегенін айтып өтті.
«…Біздің жауапкерден моральдық өтемақы талап етуге құқымыз болмады. Ал талапкер болса, құқықтарының бұзылғаны үшін министрліктен ресми кешірім сұрауын талап етіп отыр, өйткені 2024 жылдың 2 тамызда қабылданған заңсыз бұйрық жауапкердің ресми сайтында жарияланған. Осы заңсыз грант бермеу туралы бұйрықтың салдарынан, талапкер үш апта бойы күйзеліске түскен», – деді адвокат.