Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуі керек – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашты, деп хабарлайды Ақорда.
Ақтөбе облысында ұйымдастырылып жатқан жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің 800-ге жуық жастары қатысып жатыр.Бұл шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.
100 жылдық мерейтой
«Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті», – деді президент.
Президент Ұлы Жеңіске жетуде халықтың қандай қиындықтарды басынан өткергенін айтты.
«Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, азаттық пен әділдік үшін аянбай күресті. Қазақстаннан 1 миллион 200 мың азамат майданға аттанды, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Мыңдаған адам далада, зауыттар мен фабрикаларда еңбек етіп, майданға азық-түлік, қару-жарақ және оқ-дәрі жіберді. Біз даңқты ерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ешқашан ұмытпаймыз, олардың есімін мәңгі есте сақтаймыз. Батырларымыз жер-жаһандағы бейбітшілік пен тыныштық үшін аса ауыр сынақтарды еңсерді», – деді ол.
Соғыстың ауыр сабағы
Сонымен бірге Тоқаев бұл зұлмат соғыстың көптеген елдер үшін ауыр соққанын, оның сабағы ұмытылмауы керек екенін атап өтті. Тәуелсіздік пен бейбітшілік құны жетпес байлық екенін айтып, жастарды осы тыныш күндерді қадырлеуге шақырды.
«Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстан армиясының болашағы мен қауіпсіз Қазақстанның келешегі жастардың қолында тұрғанын айтты.
«Қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан Армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да – Сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін», – деді президент.