Экономикадағы активтердің үштен бір бөлігі квазимемлекеттік команияларға тиесілі

Қазақстанд 26 ұлттық компания ел экономикасындағы активтердің шамамен 30%-ын иеленіп отыр. Экономикалық талдау институтының жазуынша, бұл – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» сынды ірі ұйымдар. Алайда олардың еліміздегі ірі және орта кәсіпорындар қатарындағы үлесі 1%-дан аспайды.
Соған қарамастан, 2025 жылдың бірінші тоқсанында осы ұлттық компаниялар 1,2 трлн теңге табыс тапқан. Бұл көрсеткіш елдегі 4,2 мың ірі және орта кәсіпорынның 22,5 трлн теңге табысының 5,3%-ын құрайды. Яғни, әрбір ұлттық компанияның табысы орташа есеппен он шақты жекеменшік компанияның кірісіне тең келеді.
Оның үстіне, бұл компаниялардың орташа табыстылығы – 60%-дан жоғары, ал бұл көрсеткіш ел бойынша орта есеппен 18,3%-ды ғана құрайды. Алайда мұндай жоғары табыстылық олардың өндірістік тиімділігімен емес, басқа көздерден түскен табыстың арқасында қалыптасқан.
«Ұлттық компаниялардың өндірістен түсетін табысы – яғни операциялық рентабельдігі – небәрі 7–8%. Ал жалпы валдық пайда 90 млрд теңге, бұл – жиынтық табыстан 10 есе аз. Яғни негізгі табыс – дивидендтер, пайыздық кірістер, валюталық бағам айырмасы, жалдау ақысы мен мемлекеттік қолдау есебінен қалыптасып отыр», – деп жазады зерттеу авторы Алена Романова.
Жалпы табыс құрылымына келсек, Қазақстанда табыстың басым бөлігі келесі бес салада шоғырланған:
- Кен өндіру өнеркәсібі – 5,5 трлн теңге (24,7%);
- Сауда – 5,4 трлн теңге (24%);
- Өңдеу өнеркәсібі – 4,7 трлн теңге (20,8%);
- Көлік және логистика – 2,5 трлн теңге (11,3%);
- Құрылыс – 0,9 трлн теңге (4%).
Ауыл шаруашылығы мен қаржы саласының үлесі – 1%-дан аспайды. Дегенмен, қаржы секторы ең жоғары рентабельдікке ие – 51%. Одан кейінгі орында жылжымайтын мүлікпен операциялар (44,3%), байланыс және IT (33,9%), көлік (23,1%) және кен өндіру саласы (23%) тұр. Ең төмен рентабельдік ауыл шаруашылығында (14,8%), өңдеу өнеркәсібінде (11,5%) және құрылыста (9,8%) тіркелген.
Аймақтық бөліністе де табыс теңдей бөлінбеген. Үш өңір – Алматы (5,5 трлн теңге), Астана (4,0 трлн) және Атырау облысы (3,6 трлн) – елдегі жалпы табыстың шамамен 60%-ын қамтамасыз еткен. Тағы 20%-ы Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.
Зерттеушілердің пайымдауынша, ұлттық компаниялардың экономикалық белсенділігі жоғары болғанымен, олардың өндірістік тиімділігі төмен, ал қаржылық табыс көздеріне тәуелділігі жоғары. Бұл жағдай бәсекелестікті төмендетіп, жеке сектордың дамуына кедергі келтіруі мүмкін.
Сондықтан сарапшылар табыстың құрылымын ашық көрсету, қаржы және өндірістік есептілікті бөлек ұсыну, жеке секторға жол ашу және жекешелендіру арқылы жасырын актив құнын ашу сияқты қадамдарды ұсынады.