5 ай ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 46 мың адам жауапқа тартылған

Қазақстанда жыл басынан бері 46 мыңнан астам тұрмыстық агрессор жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 59-сессиясы аясындағы сайд-ивентте Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев айтты.
2025 жылдың алғашқы бес айында құқық бұзушылық жасаған 46 283 адам жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық.
2024 жылдан бастап, жеңіл дене жарақатын салу және ұрып-соғу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Нәтижесіде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы адам өлтіру фактілері 34%-ға төмендеген. Бұл кезеңде жалпы адам өлтіру қылмыстары 13%-ға азайған.
Яғни бұл статистикадан тұрмыста жасалатын адам өлтіру фактілерінің жалпы көрсеткішке қарағанда үш есе жылдам қысқарып жатқанын көруге болады. Заң нәтиже берген.
- Тұрмыста ауыр дене жарақатын келтіру қылмыстары 30%-ға;
- Орташа ауырлықтағы дене жарақаты боынша қылмыстар – 33%-ға қысқарған.
Сонымен бірге тұрмыстық жағдайда жасалатын қылмыстардың алдын алуға 2023 жылдан бастап іске қосылған «111» Бірыңғай жедел желісі де септігін тигізген. Бұл желі арқылы тәулік бойы психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледді.
Аталмыш нөмірге 2025 жылдың алғашқы 5 айында — 1 459 өтінім түссе, 2024 жылы бұл нөмірге 1302 адам хабарласқан. Ал 2023 жылы небары 316 қоңырау өтінім түскен.
Айта кетсек, БҰҰ Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылдағанын жоғары бағалаған болатын.