Жамбыл облысында 40 жылдан бері күрек тимеген канал тазартыла бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Жамбыл облысы канал
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында Фурманов айналма каналы тазартыла бастады. Бұл арна 40 жылдан бері тазартылмаған деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Бұл каналдан Шу өзені арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына су жіберіледі.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданының экожүйесін қолдау үшін шамамен 200 млн текше метр су жібереді. Каналды тазарту су жіберудің тиімділігін арттырып, 40 жылдан бері алғаш рет оны өз мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар канал бойындағы елді мекендердің суға қолжетімділігі жақсарады. Нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстар министрліктің қатаң бақылауында», – деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.

Тазарту жұмысы механикалық әдіспен жүргізіледі. Жоспар бойынша, биыл аяқталып, каналдан су жіберілуі керек.

Фурманов айналма каналының өткізу мүмкіндігі – секундына 45-50 текше метр, ұзындығы – 120 шақырым. Арна Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының бойынан өтеді.

Былтыр қыркүйектен бастап биыл сәуірдің соңына дейін Шу өзені арқылы Созақ ауданына 1,5 млрд текше метрден астам су жіберілген.

Осыған дейін 55 жылдан кейін алғаш рет Астана су қоймасы тазартылған еді. Су қоймасынан 50 мың тонна лай шығару жоспарланған. Жұмыс қазан айының соңына дейін жалғасады. 

Сондай-ақ оқыңыз