Ресей компанияларының бағалы қағаздары енді Қазақстан биржасында еркін сатылуы мүмкін

Ресей компанияларының бағалы қағаздары енді Қазақстан биржасында еркін сатылуы мүмкін. Ресей Мемлекеттік думасы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасында бағалы қағаздарды биржаларда орналастыру және айналымға жіберу тәртібін біріздендіруге бағытталған келісімді ратификациялады. frankmedia сайтының хабарлауынша, құжат РФ заңнама базасында жарияланды.
Келісімнің басты мақсаты — ЕАЭО-ға мүше елдердің эмитенттеріне одақ аумағындағы биржаларда бағалы қағаздарын еркін орналастыру және саудалау мүмкіндігін ұсыну.
Құжатқа 2025 жылғы 31 қаңтарда Алматыда қол қойылған. Онда ЕАЭО-ға мүше елдердің (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения) биржаларына одаққа кіретін мемлекет эмитенттер бағалы қағаздарын орналастыруына құқық беріледі.
Яғни, ресейлік компаниялар Қазақстан биржасына өз акцияларын немесе облигацияларын шығара алады және бұл үшін қосымша рұқсат алу қажет емес.
Құжатта көрсетілгендей, әрбір ЕАЭО мемлекеті өз аумағындағы эмитенттерге бағалы қағаздарды трансшекаралық негізде саудаға шығаруға мүмкіндік беруі тиіс.
Алайда, OD Consulting басқарушы серіктесі Арман Батаев келісім бүкіл биржаларға бірдей қолданылмайтынын айтады. Мысалы, Қазақстандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) биржасы – AIX (Astana International Exchange) ерекше құқықтық режимде жұмыс істейді және ағылшын жалпы құқық принциптеріне негізделген. Сондықтан ол аталған келісімнің аясынан тыс қалуы мүмкін.
Келісімнің күшіне енуі үшін оны ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттердің парламенттері, оның ішінде Қазақстан Парламенті де ратификациялауы қажет. Айта кетейік, Қазақстан президенті бұл келісімді 2024 жылдың қарашасында мақұлдаған.
Егер барлық елдер келісімді мақұлдаса, болашақта қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздары Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан биржаларында еркін саудалана алады. Сол сияқты, ресейлік бағалы қағаздар да Қазақстан биржасында сатылады.