Павлодарда 100 млн теңгенің вейпі мен оған қажетті заттар тәркіленді

Қаржылық маниторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департамент Екібастұз қаласында электрондық тұтыну жүйелерін, оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз айналымға шығарумен айналысқан топты анықтағанын хабарлады.
Тыйым салынған өнімдер Telegram мессенджеріндегі «VAPE SHOP MAXI MALL» арнасы арқылы сатылып, курьерлік жеткізу арқылы жіберіліп отырған.
Нәтижесінде 5 600-ден астам вейп пен олардың бөліктері тәркіленген. Агенттік аталған өнімдер сатылғанда қылмыстық табыс 100 млн теңгеден асатынын атап өткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында қойма мен сату нүктелері анықталған.
«Ерекше назар аударатын жайт – бұл өнімдер кәмелетке толмағандар, соның ішінде мектеп оқушылары арасында кеңінен таралған. Заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар электронды темекілерді жасөспірімдерге сатып, олардың денсаулығына қауіп төндірген», – дейді агенттік өкілі.
Жыл басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі 1,8 млрд теңгенің вейпін тәркілеген.
Айта кету керек, вейп қолдану денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді, өйткені оның құрамындағы заттар жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелеріне кері әсер етіп, инсульт, инфаркт және басқа да аурулардың даму қаупін арттырады.