Боранбаевтың мемлекет меншігіне өткен компаниясы табыс таба бастады

Жарияланды
Phystech II мемлекет қарамағына өткеннен кейін табыс таба бастады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Милош Муратовский
Phystech II мемлекет қарамағына өткеннен кейін табыс таба бастады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Милош Муратовский

Бұрындары кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Phystech II мұнай компаниясы 2024 жылы 24,3 млн теңге пайда тапты. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған есепте айтылған.

KASE мәліметінше, компания Қаржы министрлігі меншігіне 2024 жылғы 1 сәуірден 1 шілдеге дейінгі аралықта өткен. Сол себепті компания 2024 жылдың екінші жартысында мемлекет бақылауында жұмыс істеген.

Компания 2023 жылды 2,4 млрд теңге, ал 2022 жылды 4,6 млрд теңге шығынмен аяқтаған.

Phystech II-ның былтыр сатып алушылармен келісім бойынша түсімі 14,3%-ға артып, 5,6 млрд теңгеге дейін жеткен. Алайда сауданың өзіндік құны 29%-ға қымбаттап, 3,1 млрд теңгеден 4 млрд теңге болған. Осылайша, Phystech II жалпы табысы 1,8 млрд теңгеден 1,6 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Компанияның жылды табыспен аяқтауына қаржы шығындарының азаюы әсер етті. Мұндай көрсеткіш бір жылда сегіз есе қысқарған – 3,2 млрд теңгеден 381,4 млн теңгеге дейін.

Мұнай компаниясының активтері былтыр аздап – 1,9%-ға, 25,8 млрд теңгеден 26,3 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл уақытта фирма міндеті бірден 11,2%-ға, 4,8 млрд теңгеге дейін артты.

Боранбаевтың меншігінде болған компания

2023 жылғы 1 қазанға дейін «Қазтурбожөндеу» холдингі Phystech II-ның жалғыз акционері болды. 2022 жылғы наурызға дейін компанияның түпкілікті қожайыны Боранбаев болған. Ал 2022 жылғы қазаннан бастап оның орнына Асхат Өсеров келді. Ол компанияны шамамен бір жыл, 2023 жылғы 1 қазанға дейін басқарды. 1-4 қазан аралығын Phystech II акцияларының 100%-ы Боранбаевтың тікелей меншігінде болды. Сосын акциялардың 99,27% үлесі «Қазқұрылысжоба-А» компаниясына өтті. Бар болғаны 0,72% үлесі ғана Боранбаевта қалды. Кейін кәсіпкер одан да құтылды.

«Қазқұрылысжоба-А» 2006 жылы тіркелген. Компанияның жалғыз құрылтайшысы әрі жетекшісі Білімжан Розбакиев болды. Facebook әлеуметтік желісінде аты-жөні соған сәйкес аккаунт бар. Ол кәсіпкер Қайрат Боранбаевпен дос. Жұмыс орны ретінде «Азиягаз Шонжы» компаниясы көрсетілген. 2024 жылғы қазанға дейін Боранбаев соның тең төрағасы болған. Енді қазір компания QazaqGaz-ға қарайды.

2024 жылғы желтоқсанда «Самұрық Қазына» 8,1 млн теңгеге 1000 акция шығару туралы шешім шығарды. Құнды қағаздарды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті сатып алды.

Компания есебінде Phystech II акцияларының 100%-ы «ҚМГ Инжиниринг» басқаруына берілгені айтылған. Ол «ҚазМұнайГаз» арқылы «Самұрық Қазынаға» тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз