Көлік министрлігі бірнеше жолаушының багаж салмағын біріктіру мәселесін зерттеп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Көлік министрлігі багаж салмағын біріктіру мәселесін зерттеп жатыр
Көлік министрлігі багаж салмағын біріктіру мәселесін зерттеп жатыр/Фото: shutterstock

Көлік министрлігі отандық әуе компаниялармен бірлесіп жолаушылардың багаж өткізу нормаларын біріктіру мәселесіне қатысты зерттеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы депутаттық сауалға жауап берген вице-премьер Роман Скляр мәлім етті.

Роман Склярдың сөзінше, зерттеу халықаралық тәжірибені талдау, Еуропалық Одақ елдерінің, АҚШ-тың және басқа мемлекеттердің заңнамасын, сондай-ақ Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) ұсынымдарын зерделеу жұмыстарын қамтиды.

Вице-премьер жауабында багаждың нормалары, сондай-ақ олардың салмағы мен өлшемдері тасымалдаушы тарапынан белгіленетіні, оны «Көлік туралы» Заңның 13-бабы реттейтіні айтылған.

«Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамада багаж нормаларын біріктіру қарастырылмаған және бұл мәселе әрбір әуе тасымалдаушының өз құзырында реттеледі. Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан талдау нәтижелері бойынша егер қолданыстағы тәсілді өзгерту орынды деп танылса, көлік саласындағы уәкілетті орган заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтеретін болады«, – дейді Роман Скляр.

Депутаттар бірнеше жолаушы жүгінің жалпы салмағы барлығына рұқсат етілген жалпы жүк салмағынан аспаған жағдайда, оларды біріктіруге мүмкіндік беруді сұраған. Қазақстандағы әуе компаниялары бір жолаушыға 23 келіге дейін жүкті қосымша ақы төлемей алып жүріге рұхсат етеді. Егер екі жолаушыдан тұратын отбасының бірінің жүгі 10 кг, екіншісінікі 25 кг болса, екінші жолаушы артық салмақ үшін қосымша ақы төлеуге тиіс. Бұл сапар құнын қымбаттатады.

Депутаттар осындай жағдайда отбасының жалпы жүгі рұқсат етілген салмақ шегінен аспайтын болса, оларды біріктіруді ұсынып отыр.

Бұған дейін, Көлік министрлігі кешіккен ұшақ рейсі үшін енді әуе компаниясының басшысы айыппұл арқалайтынын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз