Трамп АҚШ пен Қытай арасында сауда келісімі жасалғанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі шарада Америка мен Қытай арасында сауда келісімі жасалғанын мәлімдеді.
«Барлығы мәміле жасап, қатысқысы келеді. Мысалы, кеше ғана Қытаймен келісімге қол қойдық. Солай емес пе?», – деді ол. Бірақ келісімнің толық-мән жайын айтқан жоқ.
Кейінірек АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютник Bloomberg-ке берген сұхбатында келісімге екі күн бұрын қол қойғанын растады.
АҚШ қол қоятын келесі ел Үндістан болмақ. Трамптың сөзінше, осы мәміледен кейін Үндістан нарығы АҚШ бизнесі үшін ашылады. Бірақ Ақ үй басшысы барлық мемлекеттермен жаппай келісімге отырмайтынын атап өтті.
«Кейбіріне жай ғана хат жіберіп, көп рахмет, сіз 20,25,45% көлемінде тариф төлеңіз дейміз», – деді Дональд Трамп.
АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздердің екінші раунды Лондонда басталған еді. Сол кезде Вашингтон қытайлық тауарларға салынатын алымды 145%-дан 30%-ға, ал Бейжің америкалық тауарлардың тарифін 125%-дан 10%-ға дейін төмендетуге келіскен еді. Кейінірек Вашингтон тек 55%-ға төмендетеді деп хабарланды.
11 маусымда екі ел арасындағы сауда соғысы аяқталғанын Дональд Трамп тағы да растады.