Freedom Holding компаниясының бизнес-кейсі Стэнфордта оқытылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Стэнфорд
Фото: news.stanford.edu

Тимур Турлов негізін қалаған Freedom Holding Corp. компаниясының цифрлық экожүйесі Стэнфорд оқу орнында бизнес-кейс ретінде оқытылады. MBA бағдарламасының студенттері компанияның стратегиясы, бизнес-моделі, басқарушылық шешімдері, NASDAQ-тағы листингі, ІТ-өнімдер шығару, ішкі трансформациясы жайлы зерттейді. Бұл жайлы миллиардер Тимур Турлов өзінің парақшасында жазады.

Freedom Holding Corp.-тың CEO-сы әрі мажоритар акционері бұл кейстің Стэнфордта шығуын – қаржы саласындағы идеялар тек Нью-Йорк пен Лондонда емес, Алматы мен Астанада да пайда бола алатынының дәлелі деп санайды.

«Біз бастаған кезде бәрі мүлдем басқаша еді – ірі инвесторлар да, танымалдық та, халықаралық қолдау да болған жоқ. Біз ең қарапайым құралдармен, шағын капиталмен және көпке шектен тыс батыл немесе тіпті мүмкін емес көрінген идеямен жол бастадық. Бүгінде біз 20-дан астам елде кеңсесі бар, өзіндік инфрақұрылымы мен жаңа өнімдері бар цифрлық экожүйеге айналдық», – деп жазды Турлов Instagram парақшасында.

Сондай-ақ ол жуырда S&P Global Ratings рейтинг агенттігі Freedom компаниялар тобының болжамын «тұрақтыдан» «позитивтіге» өзгертіп, ұзақ және қысқа мерзімді рейтингтерді «В+/В» деңгейінде растағанын атап өтті. Бұл – тәуекелдерді басқару мен комплаенс жүйесінің күшеюінің нәтижесі. Сонымен қатар ұлттық рейтингтер шкаласы бойынша «Фридом Финанс» пен «Фридом Банк Қазақстанның» рейтингі «kzBBB»-ден «kzBBB+»-ке көтерілді.

Freedom Holding жолының басталуы

Бизнес-кейсте Freedom Holding Corp.-тың қалыптасу тарихы кеңінен қамтылған. Тимур Турлов қаржы әлеміне қызығушылығын 15 жасында бастаған. 2008 жылы 21 жасында ол Freedom Finance компаниясын құрып, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа тұрғындарына жаһандық нарықтарға инвестиция жасауға мүмкіндік беруді мақсат етті. Заңнама мен инфрақұрылымның әлсіздігіне қарамастан, ол шетелдік акцияларға қол жеткізуді жеңілдететін Tradernet платформасын жасап, қаржылық білім беруге бағытталған Freedom Academy-ді іске қосты.

Компанияның дамуында «халықтық IPO»-лардың маңызы зор болды. 2014 жылы KEGOC IPO-сын халық арасында насихаттап, 42 мың жаңа инвесторды тартты. Шетелдік акцияларға салық салынбауы, KASE арқылы жүргізілетін мәмілелер, кеңселердің ашылуы – мұның бәрі нарықты жандандыруға себеп болды.

2011 жылы KASE-де небәрі 4 мың есепшот болса, 2022 жылы олардың саны 618 мыңнан асты. 2019 жылы Freedom NASDAQ биржасына шықты – бұл Орталық Азия компаниялары үшін тарихи сәт болды.

Жүйені дамыту

Экожүйе құру барысында компания банк, сақтандыру, электрондық коммерция, билет сату сияқты түрлі бағыттағы компанияларды сатып алып, өз жүйесіне қосты. Freedom Bank ипотека, автокредит пен бизнесті қаржыландыруды цифрландыру арқылы ипотекалық нарықтың 58%-ын, автокредиттің 41%-ын иеленіп, 2025 жылы Қазақстандағы банктер арасында 8-орынға шықты. Сақтандыру саласында полисті 15 секундта рәсімдеп, шағымды 15 минутта қарастыру арқылы нарық үлесінің 40%-ын алған.

2024 жылы lifestyle бағытын дамыту аясында Ticketon.kz, Arbuz.kz және Aviata платформалары экожүйеге қосылды. Біртұтас суперқосымша – Freedom SuperApp іске қосылып, клиенттерге банк өнімдерімен қатар өмір салтына қатысты қызметтерді де бір жерден пайдалануға мүмкіндік берді. Қосымшада жасалған төлемдердің 46%-ы Freedom инфрақұрылымы арқылы өтсе, бұл бұрынғы 1% деңгейімен салыстырғанда үлкен жетістік.

Осылайша, Стэнфорд университетінде Freedom Holding Corp. бойынша дайындалған бизнес-кейс тек компанияның жетістігін емес, сонымен қатар Қазақстандағы және бүкіл өңірдегі қаржылық мүмкіндіктердің, стартаптық ойлаудың және жүйелі дамудың әлеуетін көрсетті. Турловтың сөзімен айтқанда, бұл – тек Freedom-тың ғана емес, тұтас елдің мүмкіндіктерін әлемдік деңгейде мойындау.

Сондай-ақ оқыңыз