Дархан Сатыбалды Hyundai Trans Auto жұмысымен танысты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында «Астана Моторс» компаниясының Hyundai Trans Auto зауытына барды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі
Аумағы 10 гектар болатын кәсіпорын Hyundai, Foton және Golden Dragon маркалы жүк және жолаушылар техникасын шығаруға маманданған. Өндіріс дәнекерлеу, бояу, құрастыру цехтары сынды заманауи өндірістік инфрақұрылым жабдықталған, сондай-ақ, үстіңгі құрылымдар мен құрамдас бөлшектер шығаратын жеке өндірісі бар. Зауыт жылына 1 200 автобус пен 10 000 жүк көлігін шығара алады.
Әкімдік хабарламасында 2011 жылы негізі қаланған күннен бастап кәсіпорын отандық автокөлік өндірісінің өркендеуіне қомақты үлес қосып келе жатқаны аталып өтілген. 2024 жылы зауыттың салық төлемі 1,9 млрд теңге болған. Мұнда 400-ден астам маман жұмыс істейді.
«Сапар барысында қала әкімі өнеркәсіп секторы дамытудың стратегиялық маңызы мен экспортқа бағдарланған әрі инновациялық өндіріске қолдау қажеттігін атады. Зауыт басшылығымен өткен кездесу кезінде өндіріс ауқымын кеңейту, қазақстандық құрам үлесін арттыру және отандық техниканың ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Бұған дейін, Дархан Сатыбалды Алматы маңындағы гидробекеттердің жағдайын тексеріп, тоғандарды инфрақұрылымы дамыған демалыс аймағына айналдаруды тапсырған.
Сондай-ақ қала әкімі мен ұлыбританиялық Coventry University жоғары оқу орнының өкілдері кездесіп, Алматыда университеттің инженерлік кампусы ашылатыны хабарланған.