12 үйі барлар көмек алып келген: үкімет әлеуметтік қолдауды қалай қысқартқалы жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Үкімет әлеуметтік қолдауды қалай қысқартқалы жатыр/shutterstock

Үкімет мемлекеттің әлеуметтік шығындарын қысқартқалы жатыр. Бұл бағдарламаларды оңтайландыру мен шынайы мұқтаж азаматтарға ғана қолдау көрсету жолымен жүзеге аспақ.

Бағдарламалар тиімсіз жүріп, мұқтаж еместер де көмек алған

Сенат депутаты Бекболат Орынбековтың айтуынша, 2023 жылы әлеуметтік салаға 195 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл сома 208 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Алайда қаржыландыру көлемінің артуы әрқашан сапалық өзгерістермен қатар жүрмеген.

«Мысалы, 2022–2023 жылдары әлеуметтік осал топтар арасында кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға берілген грант алушылардың 45%-дан астамы өз қызметін тоқтатқан. 2024 жылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысқан 30 мың жастың тек 3,5 мыңы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл бағдарламаның тиімділігі төмен екенін көрсетеді», – дейді сенатор.

Ал «Нысаналы әлеуметтік көмек» бағдарламасы аясында көмек алып келген 615 отбасының 6-дан 12-ге дейін жылжымайтын мүлкі, 1500 отбасының коммерциялық мүлкі бар екені анықталған.

Еңбек министрлігі не істегелі жатыр

Сенатордың сөзін қуаттаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова саладағы өзгерістерді таныстырды.

Оның айтуынша, бірінші кезекте қолдау шаралары бүгінгідей санат бойынша емес, нақты мұқтаждық пен қажеттілікке қарай көрсетіліп, ол үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі.

«Жұмыспен қамту саласы бойынша біз қазірдің өзінде бірқатар шаралар қабылдадық. Атап айтқанда, Үкіметтің жұмыспен қамтудың белсенді шараларын реттейтін қаулысына өзгеріс енгізіліп жатыр және субсидияланатын жұмыс орындарының екі бағыты оңтайландырылуда. Бұл – «алғашқы жұмыс орны» мен «ұрпақтар келісімшарты». Бұл бағдарламалар «жастар практикасымен» біріктіріледі», – дейді министр.

Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындарын ашқысы келетін жұмыс берушілерге жаңа талаптар қойылады. Бұрын бұл бақылаусыз болса, енді талаптар нақты белгіленеді.

«Біріншіден, жұмыс беруші еңбек нарығында кемінде бір жыл болуы тиіс. Екіншіден, оның жұмысшылармен ресми еңбек қатынастары болуы, еңбек шарттары жүйеде тіркелуі керек. Сонымен қатар, жалақы, салықтар және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болмауы керек. Бұл талаптар бүгінде ақпараттық жүйелерге енгізілген және жүйелі жұмыс жүріп жатыр», – дейді ол.

Көтермеақы тәртібі өзгереді

Ауылдық елдімекенге жұмысқа тұрғандарға берілетін көтермеақыларды тағайындау тәртібі де өзгермек. Бұрын берілген жолдама жұмысқа орналасқан деп есептелсе, енді ауылға жұмысқа тұрған маманға көтермеақы беру үшін одан еңбек шартын, оны бірыңғай жүйеде тіркеуін, зейнетақы аударымдарының болуын талап етеді.

Көмек алатын отбасылардың шығыны тексеріледі

Министр банк құпиясына қол жеткізу үшін өтініш берушілердің келісімін алу механизмі енгізілгенін айтты. Енді барлық екінші деңгейлі банктер азаматтардың шығысы туралы мәліметтерді Ұлттық банктің цифрлық платформасына беріп отырады. Үкімет ол мәліметтерді тексеріп, әлеуметтік көмек тағайындауда ескерілетін болады.

Бірыңғай цифрлық платформа бүгінде пилоттық режимде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында енгізіліп, жұмыс істеп жатыр. Енді ол республика бойынша кеңейтіле түседі.

Сондай-ақ оқыңыз