АвтоВАЗ экстремалды Niva Legend көлігін таныстырды

Жарияланды 27 Маусым 2025 16:01

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Niva Legend қуатты қозғалтқышпен жабдықталған / Фото: kolesa.kz

АВТОВАЗ ресми түрде Niva Legend жол талғамайтын көлігінің жаңа нұсқасын таныстырды. Аталған модель 280 ат күшіне ие және қуатты қозғалтқышпен жабдықталған және жолсыз жерде жоғары жылдамдықпен жүруге арналған.

Алайда, бұл көлік еркін сатылымға шықпайды. Зауыт жасаған екі Niva Sport Turbo прототипі Ресейдегі ралли-рейд жарыстарына қатысу үшін жасалған. Олардың алғашқы жарысы – ұзындығы 5000 шақырым болатын «Жібек жолы» марафоны болмақ.

Бұған дейін АВТОВАЗ «Нивамен» ірі жол талғамайтын жарыстарға қатысқан, бірақ көбіне техникалық регламент бойынша сериялық көліктерге жақын болуға тиіс кластарда өнер көрсеткен. Ал жаңа нұсқа «рейд-спорт» санатына жатады, бұл санатта талаптар еркінірек, сондықтан «Нива» түбегейлі қайта жасақталған.

Фото: kolesa.kz

Техникалық сипаттамасы

Жол талғамайтын көлікке «Суперпродакшн» класындағы Lada Vesta шеңберлік жарыс көлігіндегі мотор негізінде жасалған қозғалтқыш орнатылған. 1,6 литрлік турбоқозғалтқыш 280 ат күшін және 340 Нм айналу моментін береді. Бұл қозғалтқыш 6 сатылы секвентальді (жылдам ауысатын) беріліс қорабымен және блокталатын аралық дифференциалмен бірге жұмыс істейді.

Niva Sport Turbo толық тәуелсіз аспамен жабдықталған, оған қос амортизаторлар, соғылған алюминийден жасалған бұрылмалы тіректер және 302 мм дискілі, 4-поршеньді суппорттары бар қуатты тежеу жүйесі кіреді. Аспа жүрістері айтарлықтай ұлғайтылған, бірақ нақты көрсеткіштері жарияланбаған. Белгілісі – көліктің дөңгелек базасы 2550 мм-ге дейін ұзартылған, ал жерден биіктігі 350 мм-ге дейін арттырылған. Сонымен қатар, жол талғамайтын көлік нығайтылған жанармай багымен жабдықталған, ал салоны – спорттық стильде, қауіпсіздік қаңқасымен (каркасымен) толықтырылған.

Осыған дейін компания 2026 жылдың бірінші жартысында өзінің жаңа флагмандық моделі — LADA Azimut кроссоверінің сериялық өндірісін бастайтынын ресми түрде жариялады. Бұл – LADA бренді тарихындағы алғашқы кроссоверлердің бірі және модельдік қатардағы ең қымбат көлік болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз