ЕАЭО Моңғолиямен және БАӘ-мен бірқатар келісімге қол қойды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев
2026 жылы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы Астанада өтеді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысқан. Жиын барысында Еуразиялық экономикалық одақ Моңғолиямен және Біріккен Араб Әмірліктерімен бірқатар келісімдерге қол қойған. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ақорда хабарлауынша, жиында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар өнеркәсіп, көлік және логистика, аграрлық сектор, цифрландыру мен жасанды интеллект сынды негізгі бағыттар бойынша өзара ықпалдастықтың перспективаларын қарастырған.

Отырысқа Иран Президенті Масуд Пезешкиан (бейнеүндеу форматында), Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Моңғолия Премьер-министрінің бірінші орынбасары Учрал Ням-Осорын қатысып, сөз сөйлеген. Ал жиын соңында БАӘ және Моңғолия одақпен бірқатар келісімдерге қол қойған.

Сонымен бірге жиында келесі жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске Қазақстан Республикасы төрағалық ететіні, саммиттің Астанада өтетіні айтылды.

Еске сала кетсек, президент  26 маусым күні ЕАЭО форумына қатысу үшін Минскіге келген болатын. Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысып, онда ұйымның белі артқанын, экономикасы  2,6 трлн долларға көтерілгенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз