Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов әлі де күшті екенін көрсетті (видео)

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов алпыстан асқан жасына қарамастан турникке тартынып таңырқатты.
Танымал тележурналист Ерқанат Көпжасар әлеуметтік желіге видео жария етті. Онда Ақмола облысының әкімінің бір топ адамның арасында жүргені көрінеді.
Бір кезде ол күшін сынамақ болып турникке тартына бастады. Жиылған жұрт қошемет көрсетіп, қызу қолдау көрсетеді.
Марат Ахметжанов алпыстан асқан жасына, үстінде спорттық емес, кәдімгі костюм екеніне қарамастан сегіз рет тартынады. Ол әлі де тартына берер еді, көпшілік «жетер» деп әрең тоқтатты.
Әкімнің жанындағы қауым оның егде жасында осындай күш-қуатқа ие екеніне таңырқап, қол соғып, риза болысты.
«Ақмола облысының алпыстан асқан әкімі Марат Ахметжанов ағамыз. Қазір жиырмадағы кейбір жігіттер турникке бүйтіп тартылмайды», – деп жазды Ерқанат Көпжасар.
Марат Ахметжанов 1964 жылы дүниеге келген. Заңтану мамандығын таңдап, Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын Теміртау қаласының прокуратурасынан бастаған. Ұзақ жылдар еліміздің түкпір-түкпірінде прокуратурада, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде түрлі қызмет атқарды.
2016-2021 жылдары Бас Прокурордың орынбасары, 2021 -2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болды.
2023 жылғы қыркүйек айынан бастап Ақмола облысы әкімі болып тағайындалды.
Сәуір айында Ақмола облысында балаларды спорттық шараға алып бара жатқан автобус аударылған еді.