Қазақстан Израиль мен Ираннан азаматтарын эвакуациялауды аяқтады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Израиль мен Ираннан азаматтарды эвакуациялау аяқталды / фото: СІМ

ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелдік серіктестер мен мемлекеттік органдардың қолдауымен Израиль мен Ираннан Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың кезекті кезеңін сәтті аяқтады.

Израильден эвакуация

2025 жылғы 25 маусымда Қазақстанның Израиль мен Мысырдағы елшіліктерінің үйлестіруімен 37 адам, оның ішінде Қырғызстан мен Ресейдің 13 азаматы эвакуацияланды. Бұл топ 26 маусым күні «SCAT» әуе компаниясының Каир–Шымкент бағытындағы арнайы рейсімен Қазақстанға аман-есен жеткізілді. Жалпы алғанда, қазіргі уақытқа дейін Израильден 103 адам эвакуацияланған.

Ираннан эвакуация

Өңірдегі ахуал ушыға бастаған сәттен бері Қазақстанның Тегеран, Ашхабад, Баку және Ереван қалаларындағы елшіліктері Ираннан 233 қазақстандықты елге эвакуациялады. Бұл азаматтардың:

  • 135-і – Түрікменстан арқылы,
  • 25-і – Әзербайжан арқылы,
  • 73-і – Армения арқылы елге оралды.

Қатар мен БАӘ-де қалған азаматтар да елге жеткізілді

Сондай-ақ 23–25 маусым аралығында әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде қалып қойған қазақстандықтардың жағдайы да шешімін тапты. Осы кезеңде елге дер кезінде орала алмаған азаматтарға Қазақстанның сол елдердегі дипломатиялық өкілдіктері толық консулдық-құқықтық қолдау көрсетті.

24–27 маусым аралығында Қатар мен БАӘ-дегі елшіліктердің жедел жұмысының арқасында Қазақстанға 1900-ден астам азамат қайта оралды.

Сондай-ақ оқыңыз