«Отыздан асып барамын» жаңа салаға бет бұрғысы келетіндерге нұсқаулық

Отызға келгенде кей адамдардың ішінде қарсылық пайда болады. Осы кезге дейін істеп келген жұмысы ұнамайды. Басқа салаға ауысқысы келеді. Бірақ жұрттың сынына қаламын деп қорқады. «Жасың болса отызға келді. Бәрін басынан бастап не көрінді?» деп түсінбеуі мүмкін. Мансап жолын қайтадан нөлден бастауға батпай жүргендердің бірі болсаңыз, онда сізге арнап нұсқаулық дайындадық.
Неге отыздан асқанда әлденені өзгертуге құлшыныс пайда болады?
30+ деген жас — шынымен өткен-кеткенді саралайтын, жан-жаққа қарайтын жас. Бұрынғыдай елегізіп бос қиялдың соңынан жүре бергіңіз келмейді. Өзіңізге ұнамайтын, токсик ортада жүруге болмайтынын түсінесіз. Өмірдің мәнін іздеп кететін жас та осы кезеңге тап келеді. Құндылықтарыңызға, өмір стиліңізге сай келетін салаға бет бұрғыңыз келеді. Көңіл қалауы осындай. Gallup жасаған зерттеу нәтижесіне үңілсек, әлемдегі қызметкерлердің 15 пайызы ғана жұмысқа беріліп, қызу істейді екен. Ал қалғандарына — екі қойың бір сом не эмоциялық тұрғыдан қатты қажып кеткен. Көпшіліктің отыздан асқан соң бағытты ауыстырғысы келіп тұратын себебі осында жатса керек.
Өзгеріс керек деген сигналдар мынадай болады:
- Жұмыстағы шаруаның кез келгенін істегіңіз келмейді. Іштей наразы болып тұрасыз.
- Миыңызда үнемі «Мен қалаған нәрсе бұл емес еді ғой» деген ой тұрады.
- Болашаққа жоспар құрмайсыз. Қараңғы сияқты. Әйтеуір өлместің қамы деп жүрсіз.
- Жұмысын сүйіп істейтіндерге қызыға да, қызғана да қарайсыз.
Сіз нөлден бастамайсыз. Іргетасыңыз әжептәуір берік: жастардан артықшылығыңыз неде?
Отыздан асқанда жаңа салаға бет бұратын болсаңыз, онда бәрін басынан бастаймын деп ойламаңыз. Бұл жаңа жол емес. Жай ғана жаңа бұрылыс деп қабылдаңыз. Сіз жол ережесін жақсы білесіз. Өте тәжірибелі жүргізушісіз.
- Сіз жақсы анализ жасайсыз. Эмоцияны бекер шығара бермейсіз. Фокус ұстауды білесіз.
- Ақпаратты тез қағып аласыз, өз бетіңізбен жұмыс істей аласыз. Сайға болса — сайға, қырға болса — қырға деп тұрасыз.
- Жұмыста тәртіп сақтап үйренгенсіз.
- Осы кезге дейін араласқан ортаңыз көп болғандықтан, таныс көп. Коммуникация жақсы жасайсыз.
Маңызды нәрсе: soft skills қазір өте маңызды. Кез келген салада жетістіктің жартысы осы қабілеттерге байланысты. Ал жас ұлғайған сайын софт скил де артады.
Мамандық ауыстыруға көмектесетін 5 қадам
1. Мансабыңызға ревизия жасаңыз
Ол үшін аудит жүргізу керек:
- Қолыңыздан не келеді?
- Немен айналысқаннан ләззат аласыз?
- Қай салада жетістігіңіз көп болып, жиі мақтау еститін едіңіз?
- Қандай тапсырмаларды оп-оңай атқаратын едіңіз?
Сізге ең абзалы «икс-матрица» әдісін қолданған жақсы. Яғни қызығушылық, машық, нарықтағы сұраныс пен оқуға, үйренуге мүмкіндік бар жерлерді тоғыстырып көру керек.
2. Нарықты зерттеңіз
«Осы мамандық қазір сән екен» деп таңдауға болмайды. Бірінші жан-жақты ойланыңыз.
- Ұзақмерзімді трендтерге мән беріңіз (мысалы алдағы уақытта дижитал-сала өркендейді, креатив экономика дүрілдейді, автоматизация артады).
- LinkedIn, McKinsey, Coursera деректері бойынша сұранысқа ие мамандықтарды шолып шығыңыз.
- Бұл салаға қалай енуге болады? Бір жыл оқу керек пе, әлде 2 апталық курстан бастауға бола ма?
3. Керек білімді жиып алыңыз
Екінші рет университет оқу міндетті емес. Қазір не көп — курс көп.
- Платформаларды қараңыз: Coursera, edX, Skillbox, Stepik, Udemy.
- Грант бағдарламалар іздеңіз: Google Career Certificates, Women in Tech, Digital Nation.
- Тәжірибе керек: жоба жасап көріңіз. Өзіңізді сынап көргенге жақсы.
4. Нетуоркиң керек
- Блог жүргізіп, не оқып жатқаныңызды айтып отырсаңыз болады.
- Басқаларды жобаларын, кейстерін талдап көріңіз.
- Таңдаған салаңызда кім көшбасшы болса, соларға жазылып алыңыз.
- Чаттар мен форумдарда белсенді болыңыз.
5. Қорықпаңыз
- Не нәрседен қорқасыз? Соны анықтап, жазып қойыңыз. Қолыңыздан келмейді деп ойлайсыз ба? Сынның астында қалудан қорқасыз ба? Табыс тұрақсыз болады деген ой бар ма?
- Әр қорқыныштың қасына «олай болса, былай істеймін» деп жоспар жазып қойыңыз.
- Мамандық ауыстырғандармен сөйлесіңіз. Сол нәрсе қорқынышты сейілтуге көмектеседі.
Қаржылай қор жинап алыңыз
Мамандық ауыстыруды инвестиция деп қарастыру керек. Бірақ инвестицияны көзсіз сала беруге болмайды. Он ойланып барып шешім қабылдау керек. Сондықтан:
- Тағылымдамадан өтіп жатқанда не оқып жүргенде барынша табысыңыздың 10-20 пайызын қорға жинап жүріңіз.
- Бұрынғы салаңыз бойынша фриланс жұмыс тауып, қосымша табыс қосыңыз.
- Шығындарды қайта қарап шығыңыз. Керек емес шығындарды уақытша болсын қысқарта тұрыңыз.
- Төленетін тағылымдама, гранттарды қарап жүріңіз.
Harvard Business Review жасаған сауалнама нәтижесінде қаржылық жоспар құрып барып мамандық ауыстырғандар басқаларға қарағанда жаңа салада 2 есе табысты болады екен.
Жасыңызды актив деп қабылдаңыз
Шынында отыз жасқа келгенде жаңа саланы көрген жақсырақ. Өйткені:
- Сіз туындаған сұрақтарды қойып, жауап алудан қысылмайсыз.
- Мақсат қойғанда нақты әрі шынайы көзқараспен қарайсыз.
- Сізді сенімді, кемел, ересек, кәсіби маман ретінде қабылдайды.
Компаниялар дижитал, маркетиң, продакт-менеджмент, UX және EdTech бағыттарына көбіне 30-дан асқандарды алады. Өйткені олар ересек әрі жауапты деп санайды.
Кеңестер: өзгеріске бет бұрарда есте ұстаңыз
- Алдағы 7 күнге мақсаттар тізіп қойыңыз. Кішігірім қадамдар анық болғанда мазасыздық азаяды.
- Өзіңізді өзгемен емес, осыдан 3 ай бұрынғы өзіңізбен ғана салыстырыңыз.
- Апта сайын жаңа салада жаңа бір пайдалы әрекет жасауға әдеттеніңіз.
- Өзгеріске оң қарайтын адамдармен көп сөйлесіңіз.
- Кішігірім жетістіктердің өзіне қуаныңыз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін шешім қабылдап үйренудің қаншалықты маңызды екенін жазған едік.