Алматының балабақшаларында ваучер жүйесі енгізіледі

1 шілдеден бастап Алматы қаласында балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес енгізілмек.
Жаңа жүйенің басты мақсаты — мектепке дейінгі білімді қолжетімді ету, сапасын арттыру және ата-аналарға балабақша таңдауда еркіндік беру. Ваучер арқылы ата-аналар мемлекеттік және жекеменшік балабақшаға ақы төлеуге мүмкіндік алады.
Бағдарламаға Алматы қаласындағы 988 мектепке дейінгі ұйым қатысады. Оның ішінде 196 мемлекеттік балабақша болса, ал 792-сі жекеменшік. Ата-аналар балабақшаны бос орынға қарай таңдай алады.
Ваучерді алу үшін ата-аналар https://balabaqsha.snation.kz электронды порталы арқылы өтініш береді. Ваучер балабақшаға төленетін ақы мөлшерінің бір бөлігін жабады. Қаржыландыру тек бала балабақшаға барғаны расталғаннан кейін беріледі.
Жекеменшік балабақшалар бағдарламаға қатысу үшін белгіленген сапа стандарттарына сай болуы тиіс. Ваучерлік жүйе мектепке дейінгі білімге барлық әлеуметтік топтардың қолжетімділігін арттыруға және ата-аналарға таңдау еркіндігін беруге бағытталған.
Ата-аналар ресми порталға кіріп, өтініш беру арқылы ваучер рәсімдей алады. Бағдарлама бәсекелестікті арттырып, көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға ықпал етеді.