Экс-қорғаныс министрі Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа қызметке тағайындалды

Бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Еске сала кетсек, 10 маусым күні экс-министрлің қамауға алынғаны туралы ақпарат тарап кетті. Телеграм арналары Жақсылықовтың тергеу изоляторына қамалғаны туралы жарыса жазды. Алайда ақпаратты ешбір құзырлы орган растамады.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері шенеуніктің жеке телефонына хабарласып, Жақсылықовтың үйде отырғанына көз жеткізді. Бұрынғы министрі еңбек демалысын алғанын айтып, өзі үйінде демалып жатқанын растады. Ал өзіне қатысты жалған ақпарат таратқандардың үстінен арыз түсіретінін мәлімдеді.