Алматы әкімі су станцияларының жұмысымен танысты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың су станцияларының жұмысымен танысты. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистің сумен жабдықтау жүйесін дамыту және жаңғыртуға бағытталған инженерлік инфрақұрылымның маңызды нысандарын аралады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Әкім бірқатар салынып жатқан жаңа құрылыс нысандарындағы жұмыс ьарысын тексерген. Атап айтқанда Ақсай өзеніндегі су қоймасын, Нұрлытау шағын ауданындағы су жинақтау кешенін, Нұр Алатау шағын ауданындағы резервтік гидротехникалық құрылғылардың жұмысымен танысқан.
Сонымен бірге әкім Наурызбай ауданының Таужолы шағынауданындағы су тарту станциясының құрылысымен танысқан. Стнацияның құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың қарашасында аяқталуы керек. Ірі жоба Наурызбай және ішінара Қарасай аудандарының 100 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек қала басшысы Нұр Алатау шағынауданында салынып жатқан резервтік гидротехникалық нысанмен және Нұрлытау шағынауданында су дайындау кешені мен су қысымын арттыруға арналған сорғы станциясының құрылысымен танысып, нысанды 2026 жылдың жаз маусымының соңына дейін аяқтауды тапсырған.
«Су – өмірдің көзі! Сондықтан мұндай жобалар уақытында аяқталып, барлық стандарттарға сай болуы керек. Сумен қамтамасыз ету – ерекше бақылауда. Қала өсіп келеді, сондықтан Алматының ауқымына сай қосымша қуат көздері қажет», – деді әкім.
Еске сала кетсек, мұның алдында әкім Алматы маңындағы тоғандарды аралап, оларды демалыс аймағына айналдыруды тапсырған болатын.