Egov-қа ресейлік жүйенің қатысы бола ма – Министр Мадиев жауап берді

Egov-ты ресейлік «ГосТех» алмастырмайды және оның қатысы да болмайды. Журналистердің қойған сұрағына цифрлық даму министрі Жасұлан Мадиев осылай деп уәде берді.
«Кім осы ақпаратты шығарып жүргенін білмеймін. Бірақ egov жұмыс істей береді. Онымен ешқандай ресейлік компания айналыспайды», – деді министр парламент кулуарында.
Оның сөзінше, қазір отандық платформаны дайындалып жатыр және оған ресейлік компанияның қатысы болмайды. Жаңа жүйе платформалық шешім негізінде әзірленеді. Әу бастан киберқауіпсіздік талаптарын ескереді.
«Платформалық шешім – бұл дұрыс бағыт. Неге десеңіз, ол ақпараттық жүйелерді микросервис архитектурасына негіздеп жасауға мүмкіндік береді. Яғни, бір рет жасалған микросервистерді қайта-қайта қолдануға болады, бұл шығынды азайтады. Сонымен қатар, ақпараттық жүйелерді нарыққа тезірек шығаруға жол ашады. Бұл жерде Security by Design деген тәсіл де қолданылады, яғни жүйе жасалып жатқан сәттен бастап киберқауіпсіздік талаптары ескеріледі. Мен мұны қолдаймын және сіздерге сенімді түрде айта аламын: бұл бағытпен қазақстандық мамандар өздері жұмыс істеп жатыр. Мұнда ешқандай «Сбер» платформасы жоқ», – деп шегеледі министр Мадиев.
Қауесет қайдан шықты?
Egov-ты ресейлік Сбердің қатысуымен жаңартатыны туралы ақпарат осыдан төрт жыл бұрын пайда болған. 2021 жылы сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин мен «Сбер» компаниясының басқарма төрағасы Герман Греф ортақ меморандумға қол қойған. Тіпті egov-ты жаңартуға қажетті сол ресейлік банктен несиеге алатыны хабарланды.
Кейін бір жылдан кейін үкімет ресейлік СБЕР-мен жасалған келісімнен бас тартты. Үкімет жүйесін цифрлық платформаға көшіруде Сбердің көмегіне жүгінбейтін болды деп хабарланды.
Бұл тақырып 2024 жылдары тағы көтерілді. Сол кездегі цифрлық даму министрі Бағдат Мусин цифрлық үкіметтің әбден жарамсыз болғанын алға тартып, оны жаңарту қажет деген еді. Ол жобаға «Сбермен» бірлесіп жұмыс істеу туралы жоспар бар екенін де атап өтті. Бұл бастама қоғам тарапынан қолдау таппады, біраз уақытқа дейін ортақ жоба туралы әңгіме болған жоқ.
Енді қазіргі министр Жаслан Мадиев egov-ты жаңартумен тек қазақстандық компания айналысатынын, ресейліктердің қатыса болмайтынына уәде беріп отыр.