Автокөлікті сатқан кезде сақтандыру жайлы не білу керек?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Егер азаматтар КАСКО сақтандыруын қолданса, көлігін сатқан кезде ол полисті жаңа иесіне беруге болмайды. Ол дербес құжат, үшінші тұлғаға бермеу керек деп ескертеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен.

«Қазақстанда автокөлік сатылған жағдайда КАСКО полисін көліктің жаңа иесіне беруге болмайды. Себебі бұл сақтандыру компаниясы мен сақтандырылған тұлға арасындағы оның сақтандыру тарихын, көлік жүргізу өтілін және басқа да жеке өлшемдерін ескеріп жасалатын дербес шарт», – деп түсіндіреді агенттіктен.

Ондай жағдайда көлік құралын сатушының алдында екі нұсқа бар: ерікті автосақтандыру шартын бұзу және пайдаланылмаған кезең үшін сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтару немесе егер шарт талаптарында көзделген болса, басқа көлік құралына полисті қайта ресімдеу.

Сондықтан, КАСКО-ның қолданыстағы полисі бар автокөлікті сатпас бұрын, шартты бұзу тәртібін және сақтандыруды басқа көлікке ауыстыру мүмкіндігін нақтылау үшін сақтандыру компаниясына алдын ала хабарласу қажет. Бұл артық шығынның алдын алып, төленген соманың бір бөлігін сақтауға мүмкіндік береді.

КАСКО –  автокөлікті ерікті сақтандыру

Қазақстанда автокөлікті сақтандырудың екі негізгі түрі бар: міндетті – КҚИ АҚЖ МС және ерікті – КАСКО.

КАСКО – ұрлап әкету, жол-көлік оқиғасы кезінде зақымдану (оның ішінде иесінің кінәсінен), табиғи апаттар, өрт, жанып-тұтану және басқа да күтпеген жағдайлар сияқты тәуекелдерден қорғауды қамтамасыз етеді. КҚИ АҚЖ-дан айырмашылығы, КАСКО көлік иесінің өзіне келтірілген залалды өтейді.

Полистің шарттары мен құны сақтандыру компаниясына, көлік құралының сипаттамаларына және таңдалған қамту көлеміне байланысты.

Автосақтандыру жайлы толығырақ мына материалдан оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз