Парламентке хат жазу арқылы мәселені шешеді – Қошанов Үкіметті сынады

Министрліктер заң жобасын өздері әзірлеудің орнына, Парламентке хат жазу арқылы шешуді әдетке айналдыра бастады. Осылай деген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министрлер кабинетінің жұмысын сынға алды.
Түзетулер жалпы отырыс өтетін күні келіп түседі
«Конституция бойынша, депутаттармен қатар Үкіметтің де заңға бастамашылық етуге құқы бар. Алайда заң жобасын өздері әзірлеу орнына, министрліктер мәселені депутаттардың түзетулері арқылы немесе Парламентке хат жазу арқылы шешуді әдетке айналдыра бастады. Үкімет регламенті бойынша, түзетулерді заң жобасын Мәжілісте талқылау кезеңінде енгізу туралы норма бар. Бірақ министрліктер тарапынан ол нормаға тым жиі жүгіну орын алып отыр. Кейде ондай түзетулер тіпті жалпы отырыс өтетін күні келіп түсіп жатады», – деді Ерлан Қошанов Парламенттің бірлескен отырсында.
Маңызды мәселелер Үкімет қабырғасында пысықталмайды
Қошанов осы сессияда аталған тармақ бойынша Үкіметтен келіп түскен хаттар саны екі есе артқанан айтады. Маңызды мәселелер Үкімет қабырғасында жіті қаралмайтынын да атап өтті.
«Ал бұл тармақ ерекше жағдайларда, Мемлекет басшысының шұғыл тапсырмаларына немесе дереу шешуді қажет ететін маңызды мәселелерге ғана қолданылуы керек. Негізінде мұндай маңызды мәселелер Үкімет қабырғасында жан-жақты пысықталып, терең зерттеліп, хат түрінде емес, заң жобасы ретінде рәсімделіп барып Парламентке түсуге тиіс. Мұның бәрі заң жобаларының Парламенттен өтуін қиындатады және сапасын төмендетеді»,– деп мәлімдеді Мәжіліс спикері.
Депутаттардың үкімет жауабына көңілі толмайды
Мәжіліс төрағасының депутаттық сауалдарға берілетін жауаптардың сапасына да көңілі толмады. Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданған.
«Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда, оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Тағы да жаңа сұрақтар туындатады. Бұл жағдай кейде депутаттарды мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр етеді. Біз Үкіметпен бірге осы мәселелерді жүйелі шешуіміз керек.Келесі сессияда Үкімет мүшелерін арнайы шақырып, жоғарыда айтылған мәселелерді талқылау жоспарымызда бар»,– деп толықтырды Ерлан Қошанов.
Асйта кетейік, Мәжілістің ІІІ сессиясы аяқталып, депутаттар каникулға кетті. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды.