Батыл полицей жүйткіп бара жатқан мопед ұрысын жалаң қолмен ұстап алды (видео)

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Батыл полицей Елдар Тоқташев ұрылардың қашып кетуіне жол бермеді / фото: shutterstock
Батыл полицей Елдар Тоқташев ұрылардың қашып кетуіне жол бермеді / фото: shutterstock

Батыл полицей Алматы көшелерінде жүйткіп бара жатқан мопед ұрысын ұстап алды. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.

Полицей жоғары жылдамдықта жүйткіп бара жатқан ұрының беліне кенеше жармасып, қанша жерге сүйрегеніне қарамастан, қашып кетуіне жол бермеген. Ақыры, көлігімен қоса аударып құлауға мәжбүр етеді.

«Күндізгі уақытта полицияға Төле би даңғылы бойындағы үйлердің бірінің ауласында тұрған мопедтің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Белгілі болғандай, мотоцикл дулығасын киген белгісіз екі адам оңтайлы сәтті пайдаланып, ұрлық жасаған», – делінген хабарламада.

Полиция департаментінің ақпаратынша, оқиға орнына жедел-тергеу тобы лезде жеткен. Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Елдар Тоқташев сипаттамалары ұқсас күдіктілерді байқап қалады.

Алматы көшелерінде ығы-жығы көлік. Сондықтан полиция қызметкері ұрыларды жаяу аңди бастайды. Бірнеше рет күдіктілерге тоқтауды бұйырады. Алайда олар қашуға әрекеттенеді.

Полиция қызметкері ұрыны ұстамақ болғанда, мопедпен бірнеше метрге сүйреп кетеді. Басқа көліктермен соғысып, құлайды. Осы уақытқа дейін батыл полицей жарақатына қарамастан күдіктіден айырылмай, ақыры ұстайды.  

Қазір күдіктінің төрт мопед ұрлығын жасағаны анықталып отыр.

«Полиция аға лейтенанты Елдар Тоқташевтың батыл әрекеті қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмыскерді ұстауға мүмкіндік берді. Біз өз қызметкерлерімізбен мақтанамыз, олар: Заң мен тәртіп жай ғана сөз емес, азаматтар үшін нағыз қалқан екенін күн сайын дәлелдеуде», –  деді Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің бастығы Тимур Иманбеков.

Полицияның мәліметінше, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілу үстінді. Ол қамауға алынды.

Полиция қызметкерлері қазір күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Енді қылмыс жайлы полицияға Egov Mobile арқылы хабарлауға болады.

Сондай-ақ оқыңыз