5,1 млрд теңге: «ШалқияЦинк» компаниясының шығыны бір жылда 8 есе өскен

«ШалқияЦинк ЛТД» компаниясы 2024 жылы 5,1 млрд теңге шығынға ұшырады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп. Былтырғы жылы компания шығыны 661 млн теңгені құраған еді. Компанияның аудиторлық есебі Қазақстан қор биржасының сайтында орналастырылған.
Компания Жаңақорған ауданындағы Шалқия кен орнында цинк пен қорғасын өндірумен айналысады. Қазір кен байыту фабрикасының құрылысы жүріп жатыр.
2024 жылы компанияның негізгі табысы болмаған. Сонымен қатар, жұмыс барысында 3,6 млрд теңге көлемінде қаражат кеткен.
Инвестициялық жобаларға тағы 1,4 млрд теңге жұмсалды. Осыған қарамастан, компания қаржыландыру арқылы 6,2 млрд теңге тартып, нәтижесінде жылды 1,3 млрд теңге көлемінде оң ақша қалдығымен аяқтады.
Компанияға қаржылай қолдауды жалғыз акционері — «Тау-Кен Самұрық» көрсетті. 2024 жылы ол компанияның акцияларын сатып алу арқылы 7,7 млрд теңге құйды. Бұдан бөлек, 63,1 млрд теңге көлемінде қарыз берді. Бұл қаржы 2029 жылға дейін өтелуі тиіс.
Жыл соңында компанияның қолындағы ақшасы 1,3 млрд теңгені құрады. Аванс ретінде алдын ала төленген сомалар 30,5 млрд теңгеге жеткен.. Тауарлы-материалдық қорлардың көлемі 3,25 млрд теңгеге тең. Жалпы міндеттемелер шамамен 36 млрд теңгені құрады. Ал меншікті капиталы 95,4 млрд теңгеге дейін өсті.
Аудиторлар компанияның жұмыс істеуін жалғастыруына белгілі бір қауіп бар екенін ескертті. Себебі өндіріс толық іске қосылмаған, ал келісімшарт бойынша бірқатар міндеттемелер орындалуы тиіс. Бірақ компания басшылығы мен акционер бұл жобаны жалғастыруға ниетті екенін айтып отыр. 2025 жылы өндіріс көлемін 2,2 млн тоннаға жеткізу көзделген.