Перизат Қайрат ісі сотқа жіберілді

Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
«Қайратқа және Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жіберді», – делінген ақпаратта.
Олар Қазақстан азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыруды деп айыпталған.
Істің мән-жайы
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Ол бұл қаражаттар мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалатынын айтқан.
Тергеу амалдарының нәтижесіне сай, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құраған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына түскен қаражатты өзінің жеке және анасы Ғайни Алашбаеваның есепшотына аударып отырған. Кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған.