Қазақ мұнайын тасыған танкер Ливия маңында жарылды

1 млн баррель мұнай тиелген Vilamoura танкері Ливия маңында жарылды. Кеменің басқару бөлімі суға толды. Танкер Грекия жағалауына жеткізіледі. Шығын көлемі сол жерде есептеледі. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
2025 жылғы сәуірдің басында ғана Vilamoura Ресейдің Усть-Луга портына кірген. Сол жерде оған қазақ мұнайы тиелген. Мамырда кеме Каспий құбыр желісі консорциумының терминалына тоқтаған. Новороссийск портында да оған қазақ мұнайы артылған.
TMS Tankers өкілінің хабарлауынша, жарылыс кезінде қоршаған ортаға лас зат төгілмеген. Экипаж мүшелері дін аман.
Vanguard Tech консалтинг компаниясының мәліметінше, жыл басында тағы төрт кеме жарылған. Олардың бәрі жақында Ресей порттарына кірген.
Украина көрші елмен арада соғыс басталғалы бері Ресейдің энергетика инфрақұрылымына нұқсан келтіруге бірнеше мәрте талпынған. Ақпанда украин дрондары КҚК желісін атқылаған. Осы құбыр арқылы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы тасымалданатыны мәлім.