Елдегі 260 ауыл әлі құдық суын пайдаланып отыр

Қазақстандағы 260 ауыл әлі құдық суын пайдаланып отыр. Ал кейбіріне су тасымалдау арқылы жеткізіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Десе де министр қала халқының 99.3%-ы, ал ауыл тұрғындарының 97,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген деп сендірді.
«10 өңірде бұл көрсеткіш 100%-ға жетті. Бұлар – Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарыныңқалаларымен Маңғыстау облысыныңауылдары», – деді министрі Үкімет отырсында.
Министрдің мәліметіне сенсек, қала халқын да сумен қамту әлі толық шешімін таппаған. Бүгінде 90 қаланың 17-інде ауыз сумен қамту – ауқымды мәселе. Ведомство басшысы жыл соңына дейін мәселе шешіледі деп уәде етті.
«Еліміздегі 6 148 ауылдың 5 679-ы су құрылғыларымен жабдықталған. Оның ішінде 4 420 ауылдық елді мекен орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылды. 260 шағын ауылдық елді мекен құдық суын пайдаланады. Ал, кейбір алыс ауылдарға су, тасымалдау арқылы жеткізіледі»,– деп мәлімдеді министр.
Айта кетейік, ауыз судан таршылық көріп отырған қалаларыдң бірі Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласы. Мәселені шешу үшін Жезқазғандағы шаруашылық-ауызсу тазарту құрылыстарын жаңалауға бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінеді.