«ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы 546 млн долларға еурооблигация шығарады

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы «KMG PetroChem» ЖШС 30 жылдық еурооблигацияларын шығаратынын хабарлады. Құнды қағаздардың жалпы сомасы 546,79 млн долларды құрайды. Бұл жайлы AIX сайтында жазылған.
Өтеу мерзімі – 2055 жылғы 12 желтоқсан. Еурооблигациялар AIX алаңында орналастырылады.
Хабарламада нақтыланғандай, онарықтан тартылған қаражат Атырау облысындағы алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші кезеңінің құрылысын және оны пайдалану жұмысын қаржыландыруға жұмсалады. Зауыт құрылысы 2029 жылы аяқталуы керек.
«KMG PetroChem» ЖШС (бұрынғы атауы – «KLPE» ЖШС) – «ҚазМұнайГаз» компаниясының 100% еншілес кәсіпорны. Компания ҚМГ тобы аясында мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды іске асырады және үйлестіреді. «KMG PetroChem» қызметі полиэтилен өндіретін зауыт пен газды бөлу кешенінің жобасын әзірлеуге, сондай-ақ өзге де мұнай-газ химиясы жобаларына бағытталған.