«Мемлекетке қастандық»: марқұм капитанның анасы 4 адамды өмір бойына соттауды сұрады

Жаркенттегі әскери гарнизонда қайтыс болған капитан Дархан Дәулеттің анасы Назгүл Дошибекова мемлекеттік айыптаушының жарыссөзде айтқанына келіспейді. Әйел майор мен үш сарбазды өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Саят Баймұсаев сотталушыларды 12 жылдан 16 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Ұйымдасқан қылмысты мойындамай отыр. Ұлым таза, адал бала болды. Өте қарапайым болатын. Ұлымды не үшін азаптап өлтіргенін білмейміз. Майор ұйымдастырып отыр. Жіп алып шығыңдар, лауазымына қарамаңдар, тысқары жерге тастаңдар деген. Соны сарбаздар асыра орындап отыр. Жастардың бойында аса қатыгездік бар. Бұл – қоғамның кінәсі. Прокурор сарбаздарды 12-13 жылға, майорды 16 жылға соттауды сұрап отыр. Біз оған келіспейміз. Жауапты болып кезекшілікке түскен адамды байлап өлтіру – мемлекетке жасалған қастандық», – дейді марқұмның анасы.
Қылмыстық істегі жәбірленуші тарап сотталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.
Қылмыстық іс бойынша толығырақ мына жерден оқи аласыздар.