Деректерді заңсыз жинағаны үшін Google-ға 314 млн доллар айыппұл салынды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Google-ға 314 млн доллар көлемінде айыппұл салынды / Фото: REUTERS/Dado Ruvic/Illustration

Калифорния соты азаматтардың деректерін заңсыз жинағаны үшін Google-ға 314 млн доллар көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, Google компаниясы Android қолданушыларының ұялы деректерін пайдаланушылардың келісімінсіз жинаған. Бұл шешімді Калифорнияның Сан-Хосе қаласындағы алқабилер соты тұтынушылардың ұжымдық шағымы бойынша қабылдаған.

Сот келтірген мәліметтерде Google компаниясы Android құрылғыларының пайдаланушыларынан Wi-Fi желісіне қосылмаған сәттерде де деректерді жинақтап отырған. Ақпарат компания серверлеріне жіберіліп отырған. Деректердеі жинақтау кезінде пайдаланушылардың мобильді интернет трафигі жұмсалған. Яғни компания тұтынушыларының ақшасы есебінен деректер жинап отырған.

Бұл деректерді компания қандай мақсатта пайдаланған?

Google бұл деректерді коммерциялық мақсатта пайдаланған. Әсіресе нысаналы жарнама қызметін дамыту және картографиялық өнімдерін жетілдіру үшін өз мүддесіне пайдаланған.

Әрине, компания бұл айыптаулармен келіспейді. Google өкілі Хосе Кастаньеда үкімге апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.

«Бұл шешім — Android құрылғыларының қауіпсіздігі мен сенімді жұмысы үшін аса маңызды қызметтердің маңызын қате түсінуден туындаған. Сот деректер алмасудың мәні мен көлемін дәл бағаламады», — дейді компания өкілі.

Айтуынша, бұл деректер әлем бойынша миллиардтаған құрылғының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жиналып отырған.

Калифорния сотына компанияға қарсы шағым тұтынушылардан 2019 жылы түскен. Бұл істің шешімі тек 6 жыл өткен соң шығып отыр.

Айта кетейік, Google-ға ең көп айыппұл салған елдің бірі – Ресей. Мұнда компанияға салынған айыппұл көлемі  1,8 дуодециллион рубльден асқан. Бұл санның 39 нөлі бар.

Сондай-ақ оқыңыз