Павлодар мен Екібастұздың жылу желілерін жөндеуге Үкімет 3,8 млрд теңге бөлді

Павлодар мен Екібастұзда жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінген. Бұд туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Үкімет резервінен Павлодар және Екібастұз қалаларының жылу желілерін жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін шамамен 3,8 млрд теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бөлінетін қаражаттың 3 млрд теңгесі Екібастұз қаласына жұмсалады. Бұл қаржыға Орталық жылу тарату пунктінен 1,4 шақырым жердегі елді мекенге дейінгі ТМ-I және ТМ-III жылу магистральдары жөнделмек.
Ал Павлодар қаласындағы Павлов – Шевченко – Катаев көшесіндегі тұрғын үй шағын ауданын жылумен қамтамасыз ету үшін Камзин көшесі бойынша ТМ-13 салу көзделген. Бұл жобаға 802 млн теңге қаражат жұмсалмақшы.
Жалпы жөдеу жұмыстарына қажетті қаражат 5,8 млрд теңгені құрайды. Оның 3,8 млрд теңгесі үкімет резервінен бөлініп отыр. Ал қалған 2 млрд теңге көлеміндегі қаражат облыстық бюджеттен алынады.
Еске сала кетсек, қаладағы жылу жүйелері шетінен жаңғыртылып жатыр. Қалаларда жылу желілерін жаңғыртуға 2023 жылдың қыс мезгілінде Екібастұз ЖЭО-сында болған апат себеп болды. Бұл апат салдарын қатты аязда халық ұзақ уақыт бойы жылусыз қалды. Содан бері қалаға қомақты қаражат бөлініп келеді.
Мәселен 2024 жылы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қаласының жылу желілерінжөндеуге Үкімет резервінен 9 млрд теңге бөлінген.
Ал 2024 жылдың маусымында Екібастұздағы ЖЭО-ны жөндеуге үкімет резервінен қосымша 3,4 млрд теңге бөлінді.