Логотерапия дегеніміз не және оны неге Қазақстан мектептеріне енгізу ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Логотерапия «мағына арқылы сауығу» деген мағынаны білдіреді / фото: shutterstock
Логотерапия «мағына арқылы сауығу» деген мағынаны білдіреді / фото: shutterstock

Логотерапия – адамның өмірінің мәнін табуға көмектесетін психотерапия бағыты. Соңғы кездері ол Қазақстанда танымал болып келеді.

Тіпті, Қазақстан мектептеріне логотерапияны енгізу туралы бастама көтеріліп жатыр. Алғашқылардың бірі болып нумеролог Құралай Бақытқызы ұсынды.

Бастама не үшін көтерілді?

Оның пікірінше, дәстүрлі психолог көмегіне жүгіну ересек адамдар үшін де оңай емес, ал жасөспірімдерге тіпті ауыр тиюі мүмкін.

«Мектептерде психологтар жұмыс істейді. Бірақ бұл балаларға ауыр. Егер логотерапия мамандары мектептерде жұмыс істесе, жылдам нәтиже берер еді», – деп санайды Құралай Бақытқызы.

Психолог Лимана Құттыбекқызы да логотерапияның маңызын атап өтті. Ол адамдар бақытты іздеп жүргенімен, оның уақытша құбылыс екенін айтады.

«Бақыт – бір сәттік күй. Ал мәңгілік нәрсе – өмірдің мәні. Егер адам өзінің өмірін мәнді етуге ұмтылса, онда күйзеліс, депрессия, тіпті суицид секілді мәселелер азаяр еді», – дейді ол.

Логотерапия дегеніміз не?

Логотерапия – адамның өмірінің мәнін табуға көмектесетін психотерапияның бір бағыты. Бұл әдісті ХХ ғасырдың орта шенінде австриялық психиатр, психолог, философ және невролог Виктор Франкл дамытқан. Ол экзистенциалды психология мен психотерапия саласында Фрейд пен Адлерден кейін үшінші Вена мектебінің негізін қалады.

Виктор Франкл нацистік концлагерь тұтқыны болған. Сол қиын кезеңде ол күнделік жазып, адам кез келген азапты бастан өткерсе де,  өмірдің мәнін таба алатынын дәлелдеуге тырысқан.

Логотерапия «мағына арқылы сауығу» деген мағынаны білдіреді. Оның басты мақсаты — адамға өмірінде қиын жағдайға ұшыраса да, бұл сынақтың да мәні бар екенін түсіндіру. Бұл бағыт рухани ізденіс пен ішкі сенімге негізделеді.

Неге мектептерге енгізу ұсынылды?

Логотерапия әдісі жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін де тиімді деп танылды. Алайда педагог-психологтар бұл әдісті толық қолдана алмаған. Сондықтан логотерапияны арнайы оқыған мамандар қажет екені айтылып жатыр.

Лимана Құттыбекқызының айтуынша, логотерапия жасөспірімдерге психологиялық ауыртпалықсыз көмек берудің тиімді әдісі.

«Мен өз тәжірибемде логотерапияны қолдандым. Жастармен жұмыс істегенде «өмірдің мәні — риясыз жақсылық жасау» екенін түсіндіремін. Сол кезде адам ішкі энергиясын көтеріп, қайта тіріледі. Жиі бақытты сәттерін еске түсіріп отыру – өмірді сүюге көмектеседі», – дейді маман.

Логотерапияның әлсіз тұсы неде?

Психологтың айтуынша, бұл әдіс бірден нәтиже бермейді. Адам өмірінің мәнін табу үшін уақыт пен ішкі дайындық қажет. Кемінде бір ай үздіксіз жұмыс жасау керек. Өйткені, бұл – практикалық емес, рухани ізденіске негізделген бағыт.

Маман өз тәжірибесінен бала көтере алмай, бауырының баласын асырап алған әйелдің оқиғасын баяндап берді. Ол бала өте дарынды болып өсіп, ақын, спортшы, домбырашы, білімді азамат болған. Бірақ ол аяқасты дерттен қайтыс болып кетіпті.

«Анасы терең күйзеліске түсті. Логотерапия бұл жағдайда нақты көмектесе алмады. Басқа әдісті қолдандым. Мен одан қайтыс болған баласына хат жазуын өтіндім. Жеті бет хат жазып шықты. Содан кейін сол хаттарды ыстық суға салып, жеті күннен соң сол сумен гүл суғаруды тапсырдым. Бұл оның жан жарасын жеңілдетуге көмектесті», – дейді Лимана Құттыбекқызы.

Таяқтың екі ұшы

Логотерапия — өмірдің мәнін іздеуге бағытталған психотерапия әдісі. Ол Қазақстанда да трендке айналып келеді. Логотерапияның жақтастарының пікірінше, мектептерге логотерапияны енгізу балаларға ауыр психологиялық тақырыптарды жеңіл әрі рухани тұрғыдан түсіндіріп бермек. Ал психологтар бұл бағыт тез нәтиже бермейтінін, бұған жүйелі дайындық қажет ететінін алға тартып отыр.

Мұның алдында эмоционалдық интеллектке тереңірек тоқталған едік.  

Сондай-ақ оқыңыз