Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті», – делінген Ақорда хабарламасында.
Отырыс барысында ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы үрдістер қарастырылып, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың, сондай-ақ Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің ақпараты тыңдалды.
Президент көші-қон саясатын қалыптастыруда геосаяси жағдайлар мен демографиялық болжамдарды, сондай-ақ халықтың көшу себептерін ескеру қажеттігін атап өткен. Сонымен қатар, заңсыз көші-қонның алдын алу үшін бақылауды күшейту және елдің адами капиталын дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.
Отырыс соңында Тоқаев Үкіметке мемлекеттік органдардың функционалдық міндеттеріне сараптама жүргізуді, көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді біріктіру және олардың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырған.
Еске сала кетсек, жақында ғана экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.