Енді Отбасы банкіндегі депозиттер бұғатталмайды– Тоқаев заңға қол қойды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Отбасы банк
«Отбасы банкіндегі» депозиттер толықтай қорғалады / Фото: kursiv.media 

Енді қазақстандықтардың баспанаға деп жинаған қаражаты толық қорғалады. Бұдан былай борыштар мен айыппұлдар «Отбасы банкіндегі» баспанаға арналған жинаққа әсер етпейді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Банк салымшыларының депозиттері «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңмен қосымша қорғалды. Аталған заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Заңға сәйкес:

  • Отбасы банкіндегі тұрғын үй мақсатындағы депозиттерге түскен біржолғы зейнетақы жарналарына (БЗТ) бұғат салуға болмайды;
  • Аралық немесе алдын ала заемдар бойынша кепіл ретінде қойылған салымдардан қаражат өндіріп алуға тыйым салынды. Бұл дегеніміз, сот орындаушылары үшінші тұлғалардың талабы бойынша нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы депозиттегі қаражатқа тыйым сала алмайды немесе қаражатты мәжбүрлі түрде есептен шығара алмайды.

Бұрын мұндай жағдайлар жиі кездесетін – азаматтар үйге қаражат жинап, несие алып жүргенде, кенеттен депозитінен қаражат шегеріліп, айыппұл салынып, жоспарланған қоныс той кейінге қалатын. Енді заң қарапайым отбасы жағында, өткен қарыздар үшін жаза қарастырылмаған.

Банк мәліметінше, соңғы алты айда қазақстандықтар 546 миллиард теңгеге жаңа салым ашқан – бұл өткен жылмен салыстырғанда 39% көп.

Отбасы банкінде 3,2 млн қазақстандық жеке баспанасына қаражат жинауда. Әрбір жарнаның артында біреудің арманы тұр: өз үйін сатып алу, балалардың болашағын қамтамасыз ету, тұрақтылық пен сенімділікке ие болу. Сондықтан біз әрқашан өз клиенттеріміздің мүдделерін бірінші орынға қоямыз. Қазір әрбір үшінші жұмыс істейтін қазақстандық Отбасы банкіндегі депозитке ақша жинайды, – деп атап өтті Отбасы банк Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Күн сайын – қоныс той

Банктің мәліметінше, күніне орта есеппен 270 отбасы Отбасы банкі арқылы баспаналы болуда. Мысалы, көптеген салымшылар үшін сәрсенбі «бақытты күн» болып саналады – дәл осы күні банкте несиелер жиі беріледі.

Айта кетейік, 19 маусымнан бастап Отбасы банк алдын ала және аралық қарыздарды рәсімдеу үшін алынатын комиссияны екі есе көбейтті. Соңғы он жылда комиссия алғаш рет көтеріліп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз