Авиация саласына маман жетіспейді: ұшқыш атанып 5 млн теңге жалақы алғыңыз келе ме

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Ұшқыш атанып 5 млн теңге жалақы алғыңыз келе ме/Фото: shutterstock

Әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі авиация саласы алдағы онжылдықта ірі кадрлық мәселеге тап болуы мүмкін. Авиациялық оқыту мен технологиялар саласындағы жаһандық CAE компаниясы мұны әуе тасымалына сұраныстың артуы, ұшақтар паркін кеңейту мен қазіргі мамандардың жаппай зейнетке шығуымен байланыстырады.

CAE зерттеуіне сәйкес, 2035 жылға қарай авиация саласына шамамен 1 млн 465 мың жаңа қызметкер қажет. Оның ішінде 300 мың ұшқыш, 416 мың техникалық қызмет көрсететін маман, 71 мың әуе қозғалысын басқаратын диспетчер қажет болады деп болжанып отыр.

Мұндай мәселе ел нарығында да байқалады. Айталық, Азаматтық авиация академиясының зерттеуінше, алдағы бес жылда отандық авиация саласына 14 мыңнан астам маман қажет болуы мүмкін.

Кадр тапшылығын қалай жоюға болады

Академиясының басқарма төрағасы әрі ректоры Бекен Сейдахметовтың сөзінше, жағдай кадрларды даярлау тәсілдерін стратегиялық тұрғыда қайта қарау қажеттілігін тудырып отыр.

«Авиациядағы кадр тапшылығын жою – бір ғана оқу орнының емес, бүкіл саланың міндеті. Осы ретте жүйелі әрі үйлесімді түрде әрекет ету аса маңызды», – дейді ол.

Бекен Сейдахметов мәселені шешу үшін төрт негізгі бағытты атап өтті:

  • Білім беру бағдарламаларын жаңғырту. Оқу үдерісі технологиялық және салалық талаптардың жедел өзгеруіне бейімделетіндей икемді болуы керек.
  • Жастарды белсенді тарту. Авиациялық мамандықтарды насихаттап, мектеп жасынан бастап бұл салаға қызығушылық қалыптастыру қажет.
  • Инновацияларды пайдалану. Бүгінде виртуалды және толықтырылған шындық технологиялары, интерактивті тренажерлар мен цифрлық платформалар оқу үдерісін қолжетімді әрі тиімді етеді.
  • Халықаралық ынтымақтастық. Бірлескен бағдарламалар, халықаралық авиациялық орталықтармен тәжірибе алмасу және жаһандық бастамаларға қатысу – бұл Қазақстандағы білім беруді үздік әлемдік тәжірибелермен үндестіруге мүмкіндік береді.

Азаматтық авиация саласындағы жалғыз оқу орны

Елдегі авиациялық бейіні бар және халықаралық деңгейде мойындалған жалғыз оқу орны – Азаматтық авиация академиясы.

Академия төмендегі бағыттар бойынша көпдеңгейлі (бакалавриат, магистратура, докторантура, қайта даярлау) білім беру жүйесін жүзеге асырады:

  • Ұшу эксплуатациясы (ұшақтар мен тікұшақтар);
  • Авиадиспетчерлік қызмет;
  • Әуе кемелері мен қозғалтқыштарын техникалық пайдалану;
  • Әуежай қызметін ұйымдастыру;
  • Ұшқышсыз ұшу аппараттары;
  • Авиациялық қауіпсіздік;
  • Тасымал технологиясы;
  • Логистика және көлік қызметтері;

Азаматтық авиация академиясының түлектері елдегі жетекші Air Astana компаниясында екінші ұшқыш ретінде іріктеуден өте алады. Түлектерге қойылатын талаптар:

  • жасы 18–34 аралығында болуы керек;
  • жалпы ұшу уақыты – 200 сағат;
  • CPL лицензиясы және ATPL теориясы (frozen ATPL) болуы шарт.

Сондай-ақ, Академияда оқу кезінде түлектерді оқу үлгеріміне де талап қойылады.

Мектептен кейін Air Astana ұшқышы атану мүмкіндігі

Кадр жетіспеушілігін шешу мәселесіне Air Astana да үлес қосып келеді. Компанияда арнайы білімге қарамай, толықтай өз қаражатына ұшқыштарды оқытатын Ab-initio даярлау бағдарламасы бар.

Бағдарламаға 18 бен 34 жас аралығындағы кез келген ел азаматы өтініш білдіре алады. Тіпті мектептің соңғы сыныбы мен колледждің соңғы курсында жүріп те өтініш тапсыруға мүмкіндік бар. Бастысы ұшу мектебіне түсу кезінде үміткер 18 жасқа толса, жеткілікті.

Оқу Еуропаның үздік ұшу мектептерінде, атап айтқанда Исландиядағы AFTA (Атлантикалық ұшуға дайындық академиясы) және Испаниядағы FTE (Flight Training Europe) мектептерінде өтеді. Оқу барысында тұрғын үй, шәкіртақы беріледі, рейс құны да өтеледі. Мерзімі – 16-18 ай. Кадеттер оқуды аяқтағаннан соң жұмысқа қабылданып, ұшақ түріне оқытылады.

Кадет атану үшін бастапқыда ақша төлеудің еш қажеті жоқ. Бірінші кезекте ынта, білім, еңбек пен ерік-жігер қажет. Ал қаражат жағын, әуе компаниясы өзі 100% алдын ала төлеп тастайды. Түлек оның 75 пайызын оқуды аяқтап, жұмыс істеп жүріп келесі 15 жыл ішінде жалақыдан өтеуі керек.

Бағдарлама талаптары:

  • Аяқталған орта немесе арнайы орта білімнің болуы;
  • Ағылшын тілін орта деңгейден төмен емес деңгейде білу. Соңғы кезеңде IELTS (Academic) 6.0/TOEFL (IBT) 79  сертификатпен растау қажет;
  • Математика және физика негіздерін білу;
  • Денсаулық жағдайының медициналық комиссияның талаптарына сәйкес келуі; 
  • Соттылықтың болмауы;
  • Паспорттың болуы мен Шенген визасын алу талаптарына сәйкестігі.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады

I кезең: Ағылшын тілінен тест (Intermediate) алынады. Егер IELTS (Academic) 6.0 немесе TOEFL IBT 79 сертификаты болса, ол да жарайды.

II кезең: SHL тесті – кандидаттың белгілі бір ақпарат түрімен жұмыс істеудегі жетістігін өлшейтін психометриялық тесттер жиынтығынан тұрады.

ІІІ кезең:

  • COMPASS тесті – компьютерлендірілген пилоттық тестілер, вербалдық ойлау, математика және физика саласындағы психомоторлық және психотехникалық сынақтар жиынтығы.
  • CPP тесті – авиация саласындағы қызметкерлерге қажетті бірқатар жеке қасиеттер мен құзыреттерді анықтауға бағытталған психологиялық тест.

IV кезең: Медициналық сертификат (МҰСК  1 Класс сертификаты) және IELTS (Academic) 6.0 немесе TOEFL (IBT) 79 сертификаттары.

V кезең: Қорытынды кезең: тренажер, топтық тапсырма және жеке сұхбат түрінде өтеді. Әуе компаниясы қатысушыларға авиасимуляторда танысу сессиясын өту мүмкіндігін ұсынады. Бұл сессия таңдалған тренажерде өтеді. Қатысушыларға жағдаймен және симулятордың ерекшеліктерімен алдын ала танысуға, сондай-ақ осы кезеңде орындауға қажет тапсырмаларды жақсы түсінуге мүмкіндік береді.

Іріктеуге қатысу үшін мына өтініш формасын толтыру керек.

Air Astana ұшқыштарының жалақысы мен әлеуметтік пакеттер

Ab-initio бағдарламасынан кейін жұмысқа тұрған екінші ұшқыштың жалақысы орташа есеппен 2-3 млн теңге шамасында. Ал ұшақ капитаны деңгейіне жеткенде бұл көрсеткіш 5-6 млн теңгеге дейін жетеді.

Одан бөлек өзіне, әйелі мен балаларына әуе билеттеріне 90 пайыздық жеңілдік беріледі. Ұшқыш бойдақ болған жағдайда оның әке-шешесі мен жақын екі туысына жеңілдік қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз