Абаев ресейлік БАҚ-қа сұхбат беріп, шекарадағы өзгеріске қатысты пікірін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Даурен Абаев: Казахстанцы по-прежнему считают Россию дружественной страной
Фото: ашық дерек

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ресейлік басылымға сұхбат берді. Журналиспен әңгімесінде Ресейдің елге кіру тәртібін өзгертуі, «қара тізім» және су тасқынына қатысты пікірін айтты.

Жақында Ресей елге кіру ережесін өзгерткен еді. Енді көрші елге бару үшін алдын-ала ruID мобильді қосымшасы арқылы алдын-ала тіркелу қажет. Абаев сөзінше, бұл өзгеріс қазақстандықтар үшін күтпеген жаңалық болған. Қазір Қазақстан тарапы бұл өзгеріске не себеп болғанын жан-жақты қарастырып жатыр.

«Бұған дейін бұл сапарлар барынша қолайлы әрі кедергісіз болатын. Ресей – қазақстандықтар жеке куәлікпен, яғни төлқұжатысыз еркін бара алатын әлемдегі санаулы елдердің бірі. Сондықтан алдын ала электронды өтініш беру мен мобильді қосымшада тіркелу қажеттілігіне байланысты туындаған реакцияны түсінуге болады деп ойлаймын… Біз Ресей тарапынан мұндай өзгерістерге не түрткі болғанын жан-жақты әрі кешенді түрде қарастырып отырмыз, сондықтан бұл жаңашылдықтарға түсіністікпен қараймыз», – деді қазақ елшісі сұхбатында.

Абаев Ресейдің 12 нысаны Қазақстанның жеті облысымен шектесетінін, қазақстандықтар көрші елге тек іскерлік мақсатта емес туға-туыстары мен дос-жарандарына да жиі барып тұратынын да атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен Ресей арасындағы «қара тізім» мәселесіне тоқталып, оны «қалыпты тәжірибе деп атады».

» Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Көптеген елдер өз аумағында болуға тыйым салынған тұлғаларды, яғни персона нон грата деп танылғандарды заң аясында өз бетінше анықтап отырады. Айта кетерлігі, мұндай тізімдерде көбіне сарапшылар, саясаткерлер немесе ғалымдар емес, көші-қон тәртібін бірнеше мәрте бұзған, соттылығы бар, салық немесе кедендік төлемдер бойынша қарызы бар адамдар кездеседі. Шындығында, мәселе сырттай көрінгендей күрделі емес, әлдеқайда тұрмыстық сипатқа ие», – деді ол.

Қазақстан мен Ресей арасындағы су ресурстары жайлы

Абаевтың сөзінше, екі ел арасындағы ең өзекті мәселенің бірі – Қазақстан мен Ресей арасындағы су ресурстары. Оның ішінде су тасқыны кезіндегі іс-әрекетті үйлестіре білу өте маңызды.

«Өткен жылғы су тасқыны мен топан суды ескере отырып, біз су тасу кезеңінде өзара іс-қимылды үйлестіруге арналған Бірлескен жұмыс тобын құрдық. Ең маңыздысы — көктемгі су тасқыны кезінде тараптар апта сайын онлайн режимде байланысқа шығып, су қоймаларының жұмыс тәртібін ауа райы мен гидрологиялық жағдайларға қарай шұғыл түрде бейімдеп отырады. Бұл – қазіргі заманға сай, жедел экологиялық дипломатияның айқын көрінісі», – деді ол.

Күні кеше Абаев Рамзан Қадыровтың ұлының тойына барғаны белгілі болды. Қазақстанның Ресейдегі елшісінің салтанатты жиынға келгені жайлы Қадыровтың өзі телеграм-арнасында хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз