Олимпиада жүлдегері Жазира Жаппарқұл мектеп ашам деп, қарызға батқанын айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Жазира Жаппарқұл
Фото: ашық дереккөзден

Жазғы Олимпиада ойынының жүлдегері болған ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл денсаулығына байланысты спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болған. Жеке мектебін ашпақ болып миллиондаған қарызға да батқан. Бұл жайлы ол журналист Ақырыс Сейітқазының ютуб арнасына берген сұхбатында айтты.

«Бар тапқанды емге жұмсасақ, спортшыға не қалады?»

Жазира Жаппарқұл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасында әлем біріншілігінің, 2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, болды. Бірақ 2019 жылы денсаулығы сыр беріп, спорттан кеткен. Қазір Шымкенттегі спорт мектебінде тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді.

«Қаншама рет бел омыртқа ауырды. Қанша рет аяққа қан жүрмей, сезе алмай қалдым. Үш-төрт күн бөлмеден шыға алмай қалған кездер де болды ғой. Мәскеуде жүргенде қан қысымымен құладым. Дәрігерлер «енді басталып келе жатқан инсульт» деді. Содан кейін біраз жаттықтыруды тастаған едім», – деп баяндады ол.

Жалақы мен сыйақысы түгелімен емге жаратқан көрінеді.

«Тапқан ақшаның барлығын емге жұмсадым. Ал тапқаныңның бәрі емге кетсе, онда не қалады. Бәлкім, сол кезде емге қосымша көмек бергенде әлі спортта жүрер ме едім», – дейді ауыр атлетші.

«Жазира Жаппарқұл атындағы мектеп болғанын қаладым»

Спортшының айтуынша, мансабын аяқтаған соң Шымкентте жеке ауыр атлет мектебін ашуды ойлаған. Тіпті Олимпиадада алған сыйақысының жартысын бөлуге дайын тұрады.

«Ол кезде Шымкентте ауыр атлет мектебі жалға берілетін. Соны жеке мекеме қылайық дедім. Медаль үшін берілген ақшаның жартысын берейін дедім. Әрине, 70 мың долларға тұтас ғимарат ала салу мүмкін емес қой. Бірақ сонда соның бір бұрышының кірпішін көтерейінші деген ой болды. Жазира Жаппарқұл атындағы ауыр атлетика мектебі болса деп едім. Иә, жақсы, әне-міне деп жүргенде біраз уақыт өтіп кетті, қалды», – дейді ол арманы жайлы.

Кейінірек мемлекеттік Art Sport бағдарламасы аясында жеке спорт мектебін ашуға тырысып көреді. Бірақ мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінуі тиісті қаржы уақытылы берілмей, 7-8 айдай өз қаржысын жұмсайды.

«Ғимараттың жалға беру төлемі үшін, алған құрал-жабдықтар үшін қарыз болдым. Жаттықтырушыларға өз жинаған ақшамнан бердім. Кейде үш-төрт ата-ана 20 мыңнан жинап берді. Ол ақшаға еден жуушының айлығын төлеймін», – деп еске алады спортшы.

Дзюдо, каратэге қажетті кілемдерді алуға жергілікті спорт басқармасы көмек бергенін атап өтті. Бірақ істен береке болмаған соң мектебін жабады, өзі 20 млн-ға жуық қарызға кіреді.

Мектептегі құрал-жабдықтардың бір бөлігін оңалтандыру орталығына сыйға бергенін, кейбірін жеңілдікпен сатып жібергенін айтты. Ал сол жоба үшін қарызданған несиені әлі төлеп жүр екен.

Қиын күндері жанында анасының демеу болғанын айтады.

«Соншама ауыр зат көтересің, темір көтересің, қаншама елдерге бардың. Соның бәрін көтеріп жүріп, мынадай кішкентай ғана дүниеден жеңіліп қаласың ба дейді. Беріле салма деп жігерлендіріп отырады, ол кісіге мың алғыс», -деді спортшы сұхбатында.

Сондай-ақ оқыңыз