АШМ ауру малдың еті тарады дегенге қатысты мәлімдеме жасады

Ауыл шаруашылығы министрлігі Астанада жұқпалы ауруға шалдыққан малдың еті тарағаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді.
Министрлік ақпаратты толықтай терістеп отыр.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Астана қаласы «Әлем» сауда орнына сібір жарасы ауруына шалдыққан мал етінің жеткізілгені туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген АШМ хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, бүгінгі күнге дейін елордадағы сауда орталықтарында, оның ішінде «Әлем» сауда орнында жұқпалы ет өнімі сатылғаны немесе жеткізілгені туралы ешқандай факті тіркелмеген.
«Барлық жеткізілген ет өнімдері міндетті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ», – дейді министрліктегілер.
АШМ бірен-саран жағдайлар тіркелген Атбасар ауданында кешенді дезинфекциялық жұмыстар толық аяқталғанын атап өтті. Қауіпті ет өнімдері белгіленген санитарлық тәртіппен жойылып, тұрғындар медициналық тексеруден өтіп жатқаны айтылды.
Бұған дейін, әлеуметтік желіде Астанада сібір жарасын жұқтырған мал еті сатылып жатқаны жөнінде ақпарат тарап, елорда тұрғындарын еттен бас тартуға шақырған.