Мектеп директорлары арасындағы жаңа тренд – TikTok пен Instagram жұлдызы болу

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Мектеп директорлары TikTok жұлдызы емес, сапалы білім мен тәрбиенің көшбасшысы керек», – дейді Шынар Құрманғали / фото: shutterstock
«Мектеп директорлары TikTok жұлдызы емес, сапалы білім мен тәрбиенің көшбасшысы керек», – дейді Шынар Құрманғали / фото: shutterstock

Мектеп директорлары мен мұғалімдер соңғы жылдары TikTok пен Instagram желілерінде креативке, трендке ілесуге ұмтыла бастады.

Ән айтып, әзілмен де бөліседі. Енді бірі әртүрлі іс-шараға қатысады. Осы арқылы желіде танымалдылыққа ие болып жатқаны да бар. Желі қолданушыларының кейбірі  бұл құбылысты «заманауи» және «креатив» деп бағалайды.

«Танымалдық жақсы, жауапкершілік – өкінішке орай»

Десе де, бұл үрдіс жұрттың бәріне ұнап отырған жоқ. Философ Шынар Құрманғали:

«Біздің қоғамда біреу танымал болса, шектен тыс «басымызға көтеріп жіберетін» әдет бар. Соңғы кезде TikTok-та танылған кейбір мектеп директорлары мен дін қызметкерлері қоғамның ерекше назарында. Біреуі ән айтып, біреуі шоуға шығып, бірі тіпті ел аралап қонақтан-қонаққа барып жүр. Мектеп директорлары, сондай-ақ әлеуметтік желілерде көрінеді және желідегі жұрт оларды жақсы қабылдайды: «Қандай креатив директор, қандай заманауи имам!», — дейді ол.

Шынар Құрманғалидің айтуынша, Ақмоншақ Нұртаза есімді мектеп директоры Инстаграмда екі айда 200 мыңға жуық жазылушы жинап, қазір іс-шарадан іс-шараға барып жүр. Тағы бір астаналық директор инстаграмға әзіл видеолар сала бастаған.

Тренд пен тәрбие

«Көп ұзамай бұл трендке өзге де мектеп басшылары ілесіп кетуі мүмкін. Ертең барлық директор TikTok түсірумен, тренд қуу, қаралым жинаумен әуре болса, мектепті кім басқарады?», – деп сауал тастайды ол.

Философтың пікірінше, мектеп директоры – ең алдымен басқарушы, жауапты тұлға. Оның уақыты, назары, мотивациясы контентке емес, оқу сапасы мен тәрбие жұмысына бағытталуы қажет.

«TikTok арқылы мектеп абыройын көтереміз десек, бұл ұзақмерзімді нәтиже бермейді. Айтқым келгені, креатив керек, заманауи болу керек. Мектеп директорлары жұлдыз емес, сапалы білім беру мен тәрбиенің көшбасшысы болуы тиіс», – дейді Құрманғали.

Асхат Аймағамбетов неге алаңдаушылық білдірді?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов та бұл мәселеге қатысты алаңдаушылық білдірді. Мұғалімдер мен директорлардың әлеуметтік желідегі белсенділігі олардың кәсіби беделіне әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Ол Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында:

«TikTok, Instagram, Netflix – бұлар бүгінгі заманның көрінісі. Бірақ біздің қоғамда құндылықтар, мұғалімнің бейнесі, директордың беделі деген бар. Трендке ілесеміз деп, беделімізден айырылып қалмайық», – деп ескертті.

Ол ұстаздардың оқушылармен тығыз байланыста болуын құптаса да, шектен тыс ойын-сауық пен әзілге бой алдыру кәсіби бейнеcіне кері әсер ететінін атап өтті. Аймағамбетовтің ойынша, мұғалімдер мен мектеп директорлары кәсіби беделін және жауапкершілікті сақтауы керек. Сондықтан министрліктің бұл бағытта нақты ұстанымы болуы қажет.

Айта кететін жайт, соңғы кездері мектептер де өтіп жатқан іс-шаралардың бейнероликтері Іnstagram мен Тiktok секілді әлеуметтік желілерді жаулай бастады. 

Сондай-ақ оқыңыз