Жамбыл облысында имам жаназа намазы үшін 100 мың теңге талап еткен бе – ҚМДБ жауабы

Жамбыл облысының Сарысу ауданында имам жаназа намазы үшін 100 мың теңге көлемінде «ставка» бекіткен деген ақпарат тарады. Бұл мәселені анықтау үшін біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтадық.
Мәселенің мән-жайы
Өзінің facebook парақшасында айтыскер ақын Алик Бекмұсаев Жамбыл облысы, Сарысу ауданында жаназа рәсімін өткізген молданың марқұмның туыстарынан 100 мың талап еткені туралы жазба қалдырған. Бұл жазба үлкен резонанс тудырып, молданың бұл іс-әрекеті халықтың ашуын тудырған.
Бұл оқиғадан соң, мәселеге ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Сатылғанов араласты. Имам сұрастыра келе, марқұмның жаназасын ҚМДБ қызметкері шығармағынан анықтаған. ҚМДБ өкілі басқарма бекіткен имамның мұндай қаражат талап етпейтінін, бұл дінге және имамның діни этикасына қайшы екенін мәлімдеді.
«Ешқандай діни қызметкер «ставка» қоймайды. Бұл шариғи һәм адамгершілік нормаларына сай емес. Сондай-ақ имамның тұлғалық әрі діни келбетіне қайшы. Жаназаға баға бекіту туралы тапсырма муфтияттан да, облыстық мешіттен де берілмеген және берілмейді. Осындай келеңсіз жайттарға тап болмау үшін азаматтар кез келген діни рәсім өткізу барысында ҚМДБ тарапынан ресми бұйрығы бар жергілікті имамдарға жүгінуі керек», – дейді облыс имамы.
Қандай да бір діни рәсімге баға бекітуге бола ма?
Сатылғанов ҚМДБ тарапынан тағайындалған діни қызметкер өз қызметі үшін ешқандай ақы сұрамайтынын, тіпті қажет жағдайда жаназа рәсімін тегін атқара алатынын айтты. Ал имамға берілетін қаражатты халық өзі белгілейді. Молдаға әдетте қаражат разылық ретінде беріледі және адамдар өз көңіліндегі соманы бере алады.
«Діни рәсім орындаған адамға сол үйдің иелері өз разылықтарымен алғысын айтып жатады, оны бәріміз білеміз, жасыратын несі бар? Аталарымыздан сөзде қалған молдасын баққан халықпыз деп. Бірақ «жаназа шығардым, мынанша ақша», «неке қидым, мынанша ақша» деу шариғатқа сай емес, нағыз сорақылық», – дейді облыс имамы.
Айта кетсек, осыған дейін Kursiv.Media басылымы Шымкентте «Жәннат билеті» сатылғаны туралы жазған болатын.