«Қазақстан темір жолы» компаниясына жаңа басшы тағайындалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Талғат Алдыбергенов ҚТЖ басқарма төрағасы болды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының (ҚТЖ) жаңа басшысы болып Талғат Сағиұлы Алдыбергенов тағайындалды. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.

Талғат Алдыбергенов бұған дейін ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ол компания құрылымында ұзақ жылдар бойы түрлі басшылық қызметтерде болды.

Кәсіби жолы мен тәжірибесі

Талғат Алдыбергенов еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Ол Батыс Қазақстан темір жолында станса кезекшісі, коммерциялық бөлімнің басшысы және бөлімше бастығы қызметтерін атқарған. Кейінірек «Қазтеміртранс», «Кедентранссервис» секілді логистикалық компанияларда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2008–2019 жылдары ол «Кедентранссервис» акционерлік қоғамының президенті, «АвтоГазАлматы» директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ «Kazakhmys Maker» компаниясының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 2024 жылдан бастап ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары.

Жаңа басшы Алматы темір жол инженерлері институтының түлегі. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында экономика саласы бойынша білім алған. Экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесі бар.

ҚТЖ қарызға батып отыр

ҚТЖ — Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық компаниялардың бірі. 2024 жылы ҚТЖ таза шығыны 907 млрд теңгеге жеткен болатын. Компанияның жалпы берешегі 2,9 трлн теңгеге жуықтады. Сарапшылар бұл жағдайды қаржылық тиімділіктің төмендеуімен және өткізу қабілетінің шектелуімен байланыстырған.

ҚТЖ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев маусымда көлік министрі болып тағайындалған. Бұрынғы көлік министрі Марат Қарабаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босады.

Сондай-ақ оқыңыз